Ескендір Хасанғалиевке арналған рухани кеш

Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында қазақ өнерінің ұлы тұлғасы, халық әртісі, композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған әсерлі еске алу кеші өтті. Бұл шара – бір адамның ғана мерейтойы емес, тұтас бір дәуірдің сазды шежіресін жаңғыртқан рухани мереке болды.

Кеш XXVI халықаралық «Сарыарқа әуендері» фестивалі аясында ұйымдастырылды. Сахна төрінде Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі орындаған күймен шымылдық түріліп, кеш ерекше әсермен басталды. Көрерменнің жүзінен ілтипат пен сағыныш сезілді.

Мерекелік кешті белгілі жүргізушілер Айгерім Тәшенова мен Әли Сейдіғали жүргізді. Кешке сазгердің жары Дарико Хасанғалиева мен ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев қатысты. Оларға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Сарыарқа әуендері» фестивалінің символы – «Қобыз» мүсінін табыс етті. Бұл көрініс – қазақ өнеріне сіңірген еңбегіне деген құрметтің, халық сүйіспеншілігінің нақты дәлелі болды.

Кеш барысында ұлы сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнежазбалар көрсетіліп, сахнада оның ең танымал туындылары шырқалды. «Нұрлы таң», «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Сағындым сені», «Бозторғайым», «Есіңе ал», «Гүл сезім» сынды әндер оркестрдің сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Ал Ескендір ағамыздың ұлы Біржан Хасанғалиев орындаған «Анаға сәлем» әні залда отырғандарды толқытып, көзіне жас үйірді.

Кеш соңында барша көрермен мен сахнадағы әртістер бірігіп, халықтың рухани гимніне айналған «Атамекен» әнін орындады. Бұл сәт – ұлттың бірлігі мен өнердің құдіретін айқындаған әсерлі көрініс болды.

Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық жолы – қазақ эстрадасының алтын қорындағы дара беттердің бірі. Ол 1940 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Батпақкөл ауылында дүниеге келген. 1960 жылдардан бастап қазақ сахнасында жарқ етіп көрініп, ұлттық өнердің жаңа бағытын қалыптастырды. Оның әндері мен сөзі бір-бірімен үйлесіп, халықтың жүрегіне жол тапты.

«Атамекен» – Ескендір Хасанғалиевтің ғана емес, тұтас қазақ халқының жаны мен болмысын бейнелеген мәңгілік туынды. Шетелде жүрген кезінде туған жерге деген сағыныштан туған бұл ән бүгінде елдік рухтың айнымас символына айналды.

Ескендір ағамыздың шығармалары арқылы қазақ музыкасы жаңа тыныс алды. Оның әндерімен талай ұрпақ тәрбиеленді, талай жас өнер жолына қадам басты. Әрбір әуенінде туған жерге деген махаббат, адамға деген сенім, өмірге деген сүйіспеншілік бар.

Қарағандыдағы бұл кеш – ұлт өнеріне тағзым, шығармашылық мұраға тағылым болды. Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен өнері – қазақ мәдениетінің биік шыңы, ал оның әндері – халқымен бірге жасайтын мәңгілік әуен.

Ескендірдің дауысы мен сазы – өткен ғасырдың ғана емес, бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналды. «Атамекенін» айтқан сайын, әр қазақ өз жүрегінен туған жердің үнін естиді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»