Есірткіге қарсы ең үздік құрал – спорт

Қарағандыда халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ерекше шара – «Неварик» атты автослалом жарысы өтті. Бұл тек жылдамдық пен шеберліктің сайысы ғана емес, жастарды салауатты өмір салтына, спортқа шақыратын жарқын үндеу болды.

Жарысқа 16 тәжірибелі пилот қатысып, көлік тізгініндегі шеберлігін көрсетті. Аптап ыстық пен асфальттағы доңғалақ іздері – бұл жолы тек қызық үшін емес, есірткіге қарсы берілген жауаптың символына айналды.

«Есірткіге қарсы ең үздік құрал – спорт», – дейді шара ұйымдастырушыларының бірі Никита Полещук.

«Адамды есірткі тәуелділігінен құтқару үшін жұмсалатын қаражат пен әрекеттер ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. Ақыры қайғылы аяқталады. Біз бұған балама ұсынамыз – ұзаққа созылатын әрі тиімді жол – бұл спорт», – деп атап өтті ол.

Жарыстың басты ерекшелігі – жылдамдық емес, дәлдік пен бақылау. Қазылар алқасы жүргізушілердің маневр жасау, көлікті 180 градусқа бұру, тар жерден қателіксіз өту қабілеттеріне жоғары баға берді.

«Бұл тіпті күнделікті өмірде де көмектеседі – күтпеген жағдай болса, жүргізуші қорықпай, сабырмен жолды жалғастыра алады», – дейді автослалом ұйымдастырушысы Руслан Жақсыбеков.

Жарысқа тек Қарағандыдан ғана емес, Астанадан келген қатысушылар да қатысты. Қыз-келіншектер арасындағы пилоттар да өз шеберліктерімен көзге түсті. Олар үшін бұл тек хобби емес – жастарға жол көрсетудің амалы.

«Мұнда аса бір үлкен көлік немесе қаражаттың қажеті жоқ. Қаласаң – кез келген көлікпен қатыса аласың. Ең бастысы – ниет», – дейді пилот Хуршед Исломов.

Шараға жиналған көрермендер, әсіресе балалар, автоспортқа ерекше қызығушылық танытып, пилоттарға қолдау көрсетті. Олардың көпшілігі болашақта дәл осындай жарыстарға қатысуды армандайды.

Жарыс Қарағанды облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды.

«Бүгінгі спорттық шараның мақсаты – есірткі қылмысына қарсы күреске тек полиция емес, бүкіл қоғам болып атсалысуымыз қажет екенін көрсету», – дейді басқарманың аға жедел уәкілі Нұрым Садвақасов.

Бұл – тек көлік жарысы емес. Бұл – жас ұрпақтың болашағы үшін күрестің, таңдау еркіндігі мен өмірге деген дұрыс көзқарастың жарқын үлгісі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»