Есеп беру көрмесі
Қаламыздағы зияткерлік-шығармашылық дамыту орталығы қылқалам шеберлерінің туындысын ұсынуда. Көрмені ұйымдастырушылар «Алтын-Ғасыр» сурет галереясы. Көрмедегі туындылар түстердің ашықтығы және көркемдігімен көрермен назарын тартады. Оның қандай техникада жасалғаны маңызды емес, бастысы – шығармалардың үйлесімді көз тартар реңкте ұсынылуы, жарқыраған сәулесі, көрерменге ой салуы әсер етуінде.
– Біздің орталық – балалардың қабілеттерін дамытатын бірегей кеңістік. Біздің міндетіміз – олардың ашылуына көмектесу, талантын дамыту. Бұл көрме олардың ерен еңбегінің көрінісі. Бұған біз көптен бері дайындалдық. Мұнда 450-ден астам жұмыс қойылған. 4 пен 17 жас аралығындағы балалар өз туындыларын ұсынды, – дейді «НаТВОРИм» Зияткерлік және шығармашылық даму орталығының жетекшісі Тимур Несіпбаев.
Көрменің салтанатты ашылуында орталық ұсынатын шеберлік сабақтарына 30% жеңілдікпен қатысуға құқық беретін қатысушылардың сертификаттары, компания төсбелгілері мен купондар табыс етілді. Сонымен қоса шараға қатысушылар жас дарындардың өнерін бағалап, тіпті ұнаған туындыны сатуып алу мүмкіндігіне де ие болды. Бұл сол еңбектің авторларына да тиімді ұсыныс. Тырнақалды туындыларын сатылымға шығару өткізу еңбекке сыйақы іспеттес.
– Көрмеде оқушылардың әрқайсысы бірнеше жұмысын ұсынып, барын салып, жарқын көңіл-күй мен шығармашылық әлеуетін көрсетті. Және мұндай көрмелер көңіл-күй көтеруге, жарқын сәттер мен қуаныш сезімін сыйлауға септігін тигізеді, – дейді «Алтын-ғасыр» арт- галереясының жетекшісі Бибігүл Исболова.
Қалай дегенмен әрбір туындының өз айтар ойы, ұсынар көрінісі, әсер етер ортасы – көрермені болады. Және мұндай көрмелер кей кезде көз салмаған көріністерді зерделеп, кей жайды бағалап, назарға алуға да ықпал етері сөзсіз. Көрмені тамашалаған көпшілік тамаша туындылардан жақсы әсер алғанын айтып, пікірлерімен бөлісті. Шығармаларға қарай балалыққа саяхаттағандай сезімде болдық, дейді келушілер.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»