«Ертегілер әлемі» байқауы: Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған шығармашылық өріс

Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана 8-22 сәуір аралығында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Ертегілер әлемі» атты аймақтық аудиоертегілер байқауын өткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушыларды жинады. Бұл байқау Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және шығармашылықты дамытуға зор ықпал етті.

Байқауға еліміздің әртүрлі өңірінен 50-ге жуық қазақ және орыс тілдеріндегі аудиоертегі ұсынылды. Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан қатысушылар өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының Балқаш, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Нұра, Ақтоғай аудандарынан да белсенді қатысушылар болды.

Байқауды бағалаған әділқазылар алқасының құрамында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚарУ аға оқытушысы Салтанат Кеңесбекова, журналист Қасымхан Ғалым және «Литер» газетінің тілшісі Самал Шиль болды. Олар байқау жұмыстарының әрбірін мұқият қарап, жеңімпаздарды анықтады.

Байқау нәтижесі бойынша жүлделі орындар анықталды. 1 орын «Залым түлкі» және «Теремок» аудиоертегілері үшін Батыс Қазақстан мен Қарағанды қалаларынан қатысушыларға бұйырды. Оларға Диплом және 60 000 теңгелік ақшалай сыйлық табыс етілді. 2 орын «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» және «Кот в сапогах» аудиоертегілері үшін Ұлытау облысы мен Қарағанды қаласынан қатысушыларға берілді. 3 орын «Момынбай мен жеті қарақшы» және «Ормандағы үйшік» ертегілері үшін Қызылорда облысы мен Балқаш қаласынан қатысушыларға табысталды.

Сонымен қатар, әділқазылар ерекше шығармашылық жұмыстары үшін ынталандыру сыйлықтарын тағайындады. «Үздік аудиоқойылым» аталымында Шымкент қаласынан Камшат Аппазова жеңімпаз атанды, ал «Лучший чтец» аталымында Нұра ауданынан Раушан Ивашкина жеңіске жетті.

Бұл байқау тек көру қабілеті бұзылған балаларға арналған шығармашылық алаң ғана емес, олардың рухани дамуына және қоғамға интеграциялануына да маңызды үлес қосады. Байқау, сондай-ақ, өткен жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылған болса, биыл республикалық деңгейде өткізіліп, одан әрі кең көлемде қолдау тапты.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушы мен жеңімпаздарға алғыс айтып, сәттілік тілейді. Бұл байқау көру қабілеті бұзылған балалардың кітап оқу мәдениетін арттыруға, олардың қызығушылықтарын дамытуға және рухани тұрғыда байытуға үлкен мүмкіндік берді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»