Ерлікке тағзым: Батыр капитан Ғазиз Байтасов жайлы фильм көрерменге жол тартты

Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында ерекше рухани шара өтті. Көрермен назарына полиция қызметкерлерінің ерлігі мен батырлығына арналған «Капитан Байтасов» атты көркем фильм ұсынылды.

Көрсетілімге Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Фильмнің негізгі өзегі – 2011 жылы Тараз қаласында ел тыныштығы жолында өз өмірін қиған полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі. Ол лаңкестің жолын бөгеп, көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Қысқа ғұмырында отаны үшін жанын қиған ердің ерлігі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Тәрбиелік мәні зор туындыны тамашалаған полиция қызметкерлері мен көрермендер батыр бейнесінен үлгі алып, отансүйгіштік рухын сезінгендерін жеткізді.

«Бұл фильм – әрбір тәртіп сақшысы үшін мақтаныш. Мұндай еңбектер жас ұрпақтың бойына елге адалдық пен ерлік рухын сіңіруге үлкен ықпал етеді деп білемін», – деді Қарағанды облысы ПД Тәрбие және кадр саясаты басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Медеубаев.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы және Тараз қалаларында, яғни батырдың туған өлкесінде жүргізілді. Басты кейіпкерлерді танымал актерлер Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжіт, Дархан Сүлейменов, Болат Қобыланды және Самал Еслямова сомдады. Сондай-ақ басты кейіпкердің ұлы Әділжан Байтасов та түсірілімге қатысты. Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Дәурен Қамшыбаев.

Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева фильм туралы өз пікірінде мұндай жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.

«Капитан Байтасовтың жанқиярлық қызметі – нағыз патриотизмнің үлгісі. Бұл фильм ерлік туралы ғана емес, ар-намыс пен борыш алдындағы адалдық жайында да ой салады. Президентіміз атап өткен «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары осы туындыда көрініс тапқан құндылықтармен үндесіп жатыр. Мемлекеттің қуаты – заң мен тәртіпте, ал ұлттың беріктігі – азаматтарымыздың адалдығы мен жауапкершілігінде», – деді министр.

Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі – ел есінде мәңгілік сақталатын ерліктің символы.

Ералы ҒАНИ,

«QH»