Ерлік сабағы

Қарағанды мектептерінің бірінде Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына жүз жыл толуына орай «Қаһарманның батырлығы» тақырыбында ерлік сабағы өтті. Әскери қызметкерлерді шақыру арқылы ұйымдастырылған мұндай кездесулер оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, әскери мамандықты тереңірек түсінуге ықпал ететінін атап өтілді.

Мектептерде Республика күніне орай өткізілген ерлік сабағы — бұл жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудің маңызды бір тәсілі. Шараға 44803 әскери бөлімінің қызметкерлерінің қатысуы оқушыларға нағыз ерліктің, әскери борыш пен Отан қорғаушылардың рөлін көрсетуге мүмкіндік берді. Мұндай сабақтар арқылы оқушылар әскери қызметтің маңыздылығын түсініп, өз елін сүюдің, оның қауіпсіздігін қорғаудың қадірін ұғынады. Ерлік сабағы Абай Құнанбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылды. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі шараның ұйымдастырушысы, шараны ашып, жүргізді. Оның айтуынша, әскерилермен кездесудің оқушылардың бойындағы патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпалы зор. Мектеп оқушыларымен арнайы кездесуге, 44803 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, Ринат Кабышев өзі қызмет атқарып отырған әскери бөлімді, әскери саланы таңдағысы келетіндер үшін алғашқы қадам екенін атап өтті. Әскери бөлім қызметкерлері оқушыларға еліміздің мақтанышы Рахымжан Қошқарбаевтың ерлік жолдарын түсіндірді.

– Республика күніне орай ұйымдастырылған ерлік сабағы маңызды. Осындай іс-шаралар патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті, жастар арасында ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Ерлік сабақтары өскелең ұрпаққа өз елінің тарихын білуге, батырлардың ерлігін ұмытпай, мақтанышпен еске алуға мүмкіндік береді. Бұл сабақтар рухани адамгершілік тәрбиеге де зор үлес қосады. Республика күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын, Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығы елдің дамуына негіз болады. Осындай мазмұндағы іс-шаралар арқылы Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін жастарға жеткізу маңызды деп санаймын, – дейді 10-сынып оқушысы Катиана Найдин.

Оқушылардың айбынды армиямыздың тарихы туралы білімге қанық болғандарың, сондай ақ қазақ батырларының ерліктерін білгендері маңызды, дейді әскери бөлімнің қызметкерлері. Отанның беріктігі әскери қызметтің сапалы орындалуына байланысты. Сондықтан әскери саланы таңдағысы келетін жігіттер дайындықты қазірден бастағаны жөн, – дейді шара қонақтары. Ерлік сабағы аясында, қатардағы жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа ту тіккен лейтенант Рахымжан Қошқарбаев та майданға өте жас шағында аттанғандығы айтылып, деректі фильм көрсетілді. Биыл жүз жылдығын тойлап жатқан батыр Отанын қорғап, әскери борышын абыроймен атқарып, ерлігімен Қазақстанның даңқын асқақтатты. Алдағы уақытта да сендердің араларыңнан осындай батырлар шығады деп сенеміз, – деді әскери бөлім қызметкерлері. Кеш қонақтары оқушыларға соғыс жылдарында ерліктерімен көзге түскен батырлардың өмір жолы өскелең ұрпаққа нағыз үлгі екенін айтты. Өз кезегінде жас буын да қонақтарға сұрақтар қойып, оларға толық жауап алды. Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімі, білім ордасына арнайы келіп, оқушыларға ерлік сабағын өткізген әскерилерге алғысын білдірді.

– Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай арнайы ерлік сабағы өткізілді, бұл шара тарихи маңызы бар оқиғаларды есте сақтап, өскелең ұрпаққа батырдың ерлігін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Шараға 44803 әскери бөлімінің қызметкерлері арнайы шақырылып, олардың қатысуы сабақтың мазмұнын байыта түсті. Шара барысында батырдың өмірі мен ерліктері туралы деректі фильм көрсетіліп, Рақымжан Қошқарбаевтың екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі, атап айтқанда, Берлинде Рейхстагқа бірінші болып ту тіккендігі туралы айтылды. Бұл оқиға халықтың жауынгерлік рухын көтеріп, батырлықтың мәңгілік үлгісі ретінде тарихқа енді. Әскери қызметкерлер оқушыларға Рақымжан Қошқарбаевтың ерлік жолын түсіндіріп, патриотизм мен Отанға деген махаббаттың маңыздылығын атап өтті. Осындай ерлік сабақтары жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, тарихи мұраны құрметтеуге үйретеді. Бұл тек батырдың есімін еске алу ғана емес, сонымен қатар оның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолы болып табылады, – дейді АӘД пәнінің мұғалімі Аманбек Бидахметов.

Көптеген жылдар бойы Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі мойындалмады. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен Халық қаһарманы атағы оған 1999 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана берілді. Мектеп мұғалімі әскери қызметкерлерді шақыру арқылы ұйымдастырылған мұндай кездесулер балалардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, әскери мамандықты тереңірек түсінуге ықпал ететінін атап өтті. Бұл шара оқушылар үшін Отан қорғаудың құр сөз емес, нақты әрекеттер мен істер екендігін түсіндіретін тамаша мүмкіндік. Мұндай шаралар балаларға батырлықтың, ерліктің, патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетеді және олардың болашақта елінің адал азаматтары болып қалыптасуына ықпал етеді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»