Ерлік пен қызметке адалдықтың жарқын жолы
Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы үш онжылдық ішінде ведомство ауқымды даму жолынан өтіп, түрлі төтенше жағдайларда кәсібилік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Бүгінде министрліктің сапында ерлік дәстүрін жалғастырып, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген жаңа буын құтқарушылар өсіп келеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы қарсаңында өз қызметімен көзге түсіп жүрген мамандардың бірі – Қазбек Қабдығаниев. Министрлікпен бір жылы дүниеге келген ол бүгінде Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №19 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде қызмет етеді. 2016 жылдан бері ТЖМ жүйесінде еңбек етіп келе жатқан Қазбек күрделі өрттер мен авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, кәсібилігімен және жауапкершілігімен танылған.
— Мен үшін өрт сөндіру қызметі – бұл тек мамандық емес, өмір салты. От пен қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келгенде әр секундтың маңызы зор екенін түсінемін, сондықтан әрдайым жоғары дайындықта болуға тырысамын. Спорт менің өмірімнің маңызды бөлігі, 13 жасымнан бері қазақ күресімен айналысып келемін және бұл маған төзімділік пен табандылықты үйретті. Спортта жеткен жетістіктерім жұмысыма да көмектеседі деп ойлаймын. Төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істегеніме бірнеше жыл болды, сол уақыт ішінде күрделі өрттерді сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарында қызмет еттім. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді, бірақ адамдардың өмірін сақтап қалу – ең басты мақсат. Жас буынға айтарым, қиындықтарға қарамастан, өз ісіңе берік болып, ұмтылсаң, міндетті түрде жетістікке жетесің, -дейді кейіпкеріміз.
Өрт сөндіру қызметі тек ерлік пен табандылықты ғана емес, сонымен бірге жоғары деңгейдегі дене дайындығын талап етеді. Қазбек Қабдығаниев үшін спорт – өмірлік маңызды бағыттардың бірі. 13 жасынан бастап қазақ күресімен шұғылданып, бүгінде ҚР спорт шебері атанған ол жұмыста да, спортта да өз шеберлігін шыңдап, зор жетістіктерге қол жеткізген. Бұл оның қажырлы еңбегі мен табандылығының айқын көрінісі. Қазбек Қабдығаниев — от пен жалыннан адамдарды құтқаратын ғана емес, ұлттық спортты дамытуға да өз үлесін қосып жүрген талантты спортшы. Оның өмірлік жолы жас буынға өнеге болып, Төтенше жағдайлар министрлігіндегі қызметі азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жоғары құрмет пен жауапкершілікті талап ететін миссия екенін көрсетеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

