Ерлік пен еңбекті ұлықтаған кездесу
Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында руханият пен жауапкершілік, шығармашылық пен ерлік ұғымдарын тоғыстырған әсерлі кездесу өтті. Оқырман қауым жазушы, журналист, қоғаммен байланыс саласының маманы Жан Ақжановпен жүздесіп, оның жаңа туындысы – «Семья пожарного» кітабының тұсаукесеріне куә болды. Адам тағдыры, ерлік пен еңбек, рухани құндылықтарды арқау еткен бұл шығарма өрт сөндірушілердің жанкешті қызметін көркем тілмен бейнелейтін, оқырманды бірден баурайтын туынды ретінде бағаланды.
Кездесу аясында «Мамандықтар әлеміне саяхат» атты ерекше фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеде қос кәсіби маманның еңбегі ұсынылды: ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизоны бойынша баспасөз қызметкері, әскери журналист әрі фотограф, «Халық алғысы» медалінің иегері Айдын Тонтаев пен «Индустриальная Караганда» облыстық газетінің фототілшісі Александр Марченко. Оқу залы бөлімінің басшысы Гүлсая Дәулетбекқызы бұл жобаның мақсатына тоқталды.
– Біздің кітапхана әрдайым қоғамдағы еңбек адамын, оның нағыз бейнесін көрсететін шараларды қолдайды. Мұндай кездесулер жас оқырманға бағыт-бағдар болып, мамандықтың артындағы шынайы жауапкершілікті терең түсінуге мүмкіндік береді, – деді Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқу залы бөлімінің басшысы Гүлсая Дәулетбекқызы.
Әскери өмірдің сан қырын, мамандықтардың терең мағынасын ашатын Айдын мен Александрдың еңбектері оқырманға ерекше әсер қалдырды. Әр сурет – бір тағдыр, әр кадр – бір ерлік. Көрме авторы Айдын Тонтаев өз шығармашылығының мәнін былай деп сипаттады.
– Еңбек адамдарының әрқайсысы – ел тірегі. Ел басына күн туса, жеріне қорған болар азаматтар. Менің мақсатым – олардың күнделікті еңбегінің артындағы жауапкершілігін, жанкештілігін және адамдық болмысын көрсету болды. Әр кадрда – жай ғана маман емес, өз ісіне адал жан тұр. Осы көрмеге әскери лазареттің стоматологы, кинолог, ұшқыш, байланысшы секілді мамандардың фотосуреттерін әкелдім, – дейді көрме авторы Айдын Тонтаев.
Кездесу соңында оқырмандар жүректен шыққан жылы лебіздері мен сұрақтарын қойып, авторлармен еркін пікір алмасты. Рухани мазмұнға толы бұл шара кітапхананың мәдени-танымдық алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

