Ерлік мақтан үшін емес…
«Еңбек адамы» айдарының бүгінгі қонағы – Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру кезекші қызметінің өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары Мақсат Дүйсенбаев. Жалпы, бұл саланың қызығы мен шыжығы мол. Олар ерлік жасауды мақтан көрмейді, қайта кәсіби парызы санайды.
– Мен 1989 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Құтқарушы болуды бала кезден армандадым десем болады. Орта мектепті тәмамдаған соң бірден ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтына құжат тапсырдым. Оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң туған жеріме келіп, өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналастым. Содан бері табан аудармай осы кәсіпті арқалап келемін. Рас, жұмыс ауыр, мазасыз. Әйтсе де жүректің қалауы болғандықтан, өзімді басқа мамандық иесі ретінде елестете алмаймын, – дейді Мақсат Мейрамұлы.
Кейіпкеріміздің өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп жүргеніне биыл 12 жылдан асып бара жатыр екен. Осы уақыт аралығында Қарағанды облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ 5-ӨСБ қарауыл бастығы қызметінен бастап түрлі лауазымда еңбек еткен. Әйтсе де, өзі атап өткендей, қай қызметке барса да құтқару саласынан қол үзбеген. Талай жанның өміріне араша болып, көптің алғысын арқалап жүргенін де айта кеткен жөн.
– Халқы көп қалалық жерде қызмет етеміз ғой. Күн сайын түрлі шақыртуға барамыз. Қаншама азаматқа қол ұшын бердік. Бір есте қалғаны – 2014 жылы 92-орамда өрт болып, әріптесім Александр Минаев екеуіміз екі әйелді жалындаған ғимараттың ішінен іздеп жүріп әрең дегенде аман алып шықтық. Мұны сол жердегі куәгерлер фото, видеоға түсіріп алған екен. Кейін бұл еңбегіміз ескеріліп, сол жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алдым. Әу баста бұл марапаттан бас тартып, әріптесімді ұсынған едім. Алайда басшылық менің кандидатурамды бекіткен екен. Әріптесімнің де еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол жігіт 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алды, – дейді Мақсат Дүйсенбаев.
Елге қызмет етіп, тұрғындардың қорғаны болуды мақсат тұтқан азамат еңбегімен ғана емес, өнегелі отбасының отағасы ретінде де көпке үлгі болып отырғанын айта кеткен жөн.