Еріктілердің ермегі

Қайырымдылық па әлде кәсіп пе? Қарағанды ​​көшелерінде қолдарына шыныдан жасалған жәшік ұстап, балалардың емі үшін тұрғындардан ақша сұрап жүретін еріктілер көбейіп кетті. Осы орайда жиналған қаражаттың қайда кетіп жатқанын және мұндай әрекеттердің қаншалықты заңды екенін білмек болдық.

Қарағанды қаласында өздерін ерікті деп санайтын, үлкендерге жақындап, ақша сұрайтын жастарды соңғы кездері аялдама, базар, өткелдерде жиі кездестіруге болады. Сырттай қарағанда, бәрі заңды және қайыр сұраушыларға ұқсайды. Қала тұрғындарынан қорапқа ақша салуды немесе QR кодын пайдаланып көмек көрсетулерін өтінеді. Жас еріктілерден қалай бас тартуға болады, дейді көпшілік тұрғын. Дегенмен суреттегі науқас баланы көргенде, кім болса да жәрдемдесуге даяр тұрады. Алайда, қораптары бар балаларды волонтер деп атау қиын, себебі, нағыз еріктілер тегін жұмыс істейді.

Мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді сұраған, аталмыш еріктілермен сұқбаттасып көрдік. Жасөспірімдер сұқбат беруден бас тартты, өздерінің ақылы жұмыс атқаратындықтарын, күнделікті істеген жұмыстарына сай, пайызбен айлық табатындықтарын да жасырмады. Жасөспірімдер жарнама арқылы толық күндік емес жұмыс табады, кеңсеге келеді, онда оларға нұсқау беріліп, жапқыш пен қораптар беріледі, кешкі уақытта төлем жасалып және ешқандай міндеттемелер айтылмайды. Қорапта көрсетілген нөмірлерге хабарласып, жауап ала алмадық. Науқас баланың нөміріне Ақтөбеде тұратын әйел адам жауап берді. Оның айтуынша, баласы церебральды сал ауруына шалдыққан және жеке оңалтуды қажет етеді, себебі, тегін мемлекеттік емдеу жарамайды. Келіншек қордың атын айта алмады, тек белгілі бір адамның атын ғана атады. Қалай дегенмен, бұл әрекет күдік ұялатады. «Ресми қайырымдылық ұйымдар болса, қызметі осыған дейін танылған және шығындары туралы ашық ақпараты көрсетіледі әрі осындай қорларға ғана сенуге болады», – дейді «Асыл ана» қоғамдық қорының басшысы.

– Соңғы үш-төрт жылдың ішінде, біздің басты көшелердің бойында, қоғамдық көліктерде жастар көптеп жүреді. Қолдарында қобдиша, бас жағында кішкентай ғана ақпараты бар. Балаға, емге деп ақша жинап жүреді. Халық болған соң, адам болған соң көмектескісі келіп тұрады. «Бұл ұйым қайдан келді? Нақты қай балаға көмек беріп жатыр?» деген сұрақтар қойсаңыз нақты жауап бермейді, қолдарында құжаттары да жоқ. Тергей бастасаңыз қашып кетеді. Сұрастырдық, еріктілер деген тегін қызмет атқару керек емес пе? Ал, бұл балаларды міндет қылып қойған, күнделікті 30-40 мың теңге ақша жинауы керек. Бұл ставка ма, тариф па білмеймін. Бұл дұрыс зат емес, қайырымдылықта шектеу болмауы керек. Жастардың осындай іске баруы дұрыс емес, шын сырқат жанға жұмсалатын болса, есебі неге көрсетілмейді, – дейді «Асыл ана» қоғамдық қорының жетекшісі Айжан Байдилдинова.

Жасөспірімдердің артында ұйымдастырушы топтар тұрады, дейді білетіндер. Жәшіктері бар балаларға ақша беру, полицейлердің тарапынан тыс қалмайды. Қала тұрғындары көмекті еркін түрде ұсынады. Шағымдар түспеген, заңға қайшы келер фактілер анықталмаған. Мұндай қайырымдылыққа қол созу әркімнің өз еркінде. Бірақ сіз келіп жатқан түсімнің ауру балаларға көмектесу үшін емес, дәлелденген бизнес болып табылатын үшінші тұлғалардың қолына түсу ықтималдығы жоғары екенін түсінуіңіз керек.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»