Ережеп айын құрметпен қарсы алайық!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ислам дінінде мүбәрак саналатын – Ережеп айы басталуға жақын. 23-қаңтар Алла қаласа Ережеп айы кіріп келеді. Осы айда Алладан келер игіліктерді дұрыс, тиісті пайдалана білу өте маңызды. Алла Тағала «Тәубе» сүресі, 36 аятта: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер… Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер» деген. Бұл айда тәубә етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннатта сүттен ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім Ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су ішкізеді», – дейді. Тағы бір хадисте Айша (р.а.) анамыз жеткізген: «Қияметте адамдар есеп маңдайына шыққанда бәрі де шөлдеген халде тұрады. Тек қана, Ережеп, Шағбан, Рамазан айларының оразасын тұтқандар ғана шөлдемейді, аш болса, оларға тағам да беріледі», «Қияметте Жебірейіл, Микаил періштелер Ережеп оразасын ұстағандарды сират көпірінен жылдам өткізеді. Ұлы Мұхаррат періштелер өтуге жәрдемдеседі» — делінген. Қасиетті ережеп айында әрбір мұсылман пенде дұға, мінәжат, ғибадатын күшейтіп, Жаратушы Иемізді ұлықтап, пәктеуді бұрынғыдан да арттырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім қасиетті айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен.
Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы (қаңтардың 26-сынан 27-сіне қараған түн) – Рағайып түні болса, екіншісі – айдың жиырма жетінші түні (ақпанның 17-сінен 18-не қараған түні) – Миғраж сапарына дөп келеді. Бір хадисте былай делінген: «Сондай-ақ, бес түн бар. Алла тағала осы аталмыш түндерде өзі үшін мінәжат етілген дұғаларды шәк-шүбәсіз қабыл етеді: Ережептің алғашқы түні, Шағбанның 15-ші түні, Жұма түні, Ораза және Құрбан айттардың түндері».
Рағайып түні — бұл түн рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Бұл мүбәрак түннің бір ерекшелігі – қасиетті Рамазан айының келетіндігінен хабар беруінде. Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары бірінен соң бірі келеді, демек мұсылмандар өз-өзін қадағаласа, бірте-бірте тақуалықтың шыңына шыға алады. Ережеп айының алғашқы жұмасының түніндегі Рағайып түні халық арасында он екі айдың сұлтаны деп танылған Рамазан айын, көңіл мен рухты және сананы кірден, жат ойлардан арылтып, пәк көңілмен бастауға әзірлену керектігін мұсылмандарға паш етеді. Демек, Рағайып түні мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш сүйіншілеген хабаршы деуге болады.
Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қа-рағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырады: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»; «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы» (Дәйләми, Фирдаус ІІ, 275). Ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріптің сауабы жүз немесе мыңға дейін көбейсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.
Ұлы Раббымыз Ережеп айын мүбәрак етіп, қасиетті Шағбан және Рамазан айларына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы