«Ерекше жандардың» спортқа құштарлығы ерекше

Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының спортшылары Алматы қаласында өткен мини-футбол жарысынан қос жеңіспен оралды. Әлеуметтік қызмет алушылар арасындағы елішілік сайыста ерекшеленген команда ендігі жылы Польшада өтер байрақты бәсекеде бақ сынайды.

Әрбір адамның өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі маңызды. Осы мақсатта Seni Cup Халықаралық футзал лигасы 1992 жылдан бері жүйке-психикалық интернаттардың тәрбиеленушілерін біріктіріп келеді. Мемлекеттен арнайы қызмет алушы «ерекше жандар» жыл сайын Seni Cup ойыншылары ретінде спорт алаңында бас қосып, турнир жеңімпазы атану үшін бар күш-жігерін салады. Жақында Алматыда мини-футболдан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында осы турнир жарысы өтті. Оған Қарағандыдан екі команда қатысқан. Соның бірі – Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының «Арлан» командасы.

Команда 2019 жылы құрылған, команданың кұрамында 7 қызмет алушы бар. Олар 2019 жылдың 10 қыркүйегінде Қарағанды қаласының «Шахтер» стадионында психоневрологиялық орталықтардың қызмет алушылары арасында мини-футболдан Seni Cup Халықаралық футзал лигасы қолдауымен өткен Облыстық чемпионатқа қатысты. Чемпионатта Қарағанды облысының 8 командасы бақ сынасқан. Осы сайыста «Арлан» командасы 1-орынға ие болды. Осылайша сол жеңістің арқасында жолдама алып, 2019 жылдың 18-19 қыркүйегінде Алматы қаласының орталық стадионында 6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы арасында өткен мини-футболдан Республикалық чемпионатқа қатысты. Турнирде бас жүлдені жеңіп алып, Польшаның Торунь қаласына жолдама иеленген.

Алайда 2020 жылы финал турниріне сапар жоспарланғанмен, COVID – 19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай енгізу салдарынан халықаралық спорт жарысын кейінгі уақытқа шегеруге тура келді. Сол себептен Seni Cup әкімшілігі 2020 жылдың 13 қазанында «Қарағандыдағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-ға арнайы келіп марапаттау өткізген.

Елдегі эпидахуал жақсарғаннан кейін, 2022 жылдың 13 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында мини-футболдан кезекті чемпионат өтті. 10 команда арасынан жүлделі 1-орынға «Қарағанды облысы Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ футбол командасы ие болып, 2022 жылдың 19-20 қыркүйегінде Алматы қаласында мини-футболдан чемпионат өткізіліп, «Арлан» командасы I дивизионда II орынға ие болды және Торунь қаласында (Польша) өтетін мини-футболдан мүмкіндіктері шектеулі ойыншылар арасында Халықаралық турнирге шақырту алды. Ол турнир 2023 жылдың шілде айына жоспарлануда. Ол халықаралық жарысқа 30-ға жуық мемлекет қатыспақ. Команда жаттықтырушысы Нұрлыбек Кайыртайұлының айтуынша, «ерекше жандардың» жеңіске деген құштарлықтары да ерекше. «Арлан» командасының құрамындағы Жиенқұлов Е.Т., Қанапиев Н.А., Кочетков И.Н., Кияшко А.В., Крюков Д.А., Петров Е.И., Радостев Е.А. есімді спортшыларға жеңіс тілейміз!

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»