Ерекше таланттар мектебі
Қарағандыда аутизм, Даун синдромы және өзге де даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер енді кондитер мамандығын тегін үйрене алады. Бұған дейін осындай мүмкіндік тек Астанада жүзеге асырылатын республикалық «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасында ғана болды. Енді Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің базасында балалар «кондитерлік іс» бағыты бойынша арнайы бағдарлама негізінде оқытылады.
Қазіргі уақытта алғашқы топқа қабылдау жүріп жатыр. Оқу мерзімі алты айға созылады, ал барлық қатысушылар мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Колледж оқу-өндірістік жабдықтармен қамтамасыз етілген және инклюзия принциптерін меңгерген арнайы дайындықтан өткен педагогтар жұмыс істейді.
– Біздің барлық шеберлер мен оқытушылар инклюзивті оқытудың базалық қағидаларын меңгерді. Балалардың ерекшеліктерін ескере отырып, біз оларға барынша жайлы әрі қауіпсіз орта құруға тырысамыз, – дейді колледждің оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі директорының орынбасары Диляра Апсалямова.
Жобаны жүзеге асыру бастамасын Bolashak Charity қоры көтерген. Қор жылдар бойы балабақшалар мен мектептерде инклюзия кабинеттерін ашып, қолдау көрсетіп келеді. Дегенмен, түлектердің әрі қарай білім алу немесе кәсіп меңгеру мүмкіндіктері шектеулі болып келген.
– Колледждер мен жұмыспен қамту орталықтары ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерді қабылдауға дайын емес еді. Бейімделген бағдарламалар жоқ, арнайы мамандар жетіспейтін, ал ата-аналар қайда жүгіне беретінін білмейтін. Сондықтан біз Оқу-өндірістік комбинат құруды бастадық. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер базалық кәсіби машықтарды, әлеуметтік және тұрмыстық дағдыларды меңгеріп, ерте кәсіби бағдардан өте алады. Бұл олардың дербестікке қадам басуына, қоғамға бейімделуіне және болашақта жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті қордың әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі Самал Әлбілекова.
Оқыту барысында жастар кондитерліктің негізгі технологияларын ғана емес, ас әзірлеу, тазалық сақтау, ас үй жабдықтарын қауіпсіз пайдалану сияқты күнделікті өмірге қажетті дағдыларды да үйренеді. Курс соңында қатысушылар ішкі біліктілік комиссиясынан өтіп, қызығушылық танытса, колледжде оқуын жалғастыра алады.
Жоба жасөспірімдерге өз жолын тауып, болашақ мамандығына сенімді қадам жасауға көмектесетін әлеуметтік пилот болып саналады. Қатысуға Аутизм, Даун синдромы, Туретта синдромы, Эпилепсия, психикалық немесе сөйлеу дамуының тежелуі және басқа да ерекшеліктері бар 13-18 жас аралығындағы түрлі диагнозы бар балалар шақырылады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

