Ерекше көрме
Бейнелеу өнері мұражайында «Отанға махаббат» атты авторлық көрме ұйымдастырылды. Басты кейіпкер тек суретші емес сонымен қатар нотариус қызметкері.
Әуесқой суретшінің жеке көрмесі «Отанға махаббат» тақырыбына арналған. Бұл тек көркемдік экспозиция емес, әлемнің сұлулығы және рухани келісім туралы ой-түсініктің қағазға түскен көрінісі. Дана Бүркітбаева 20 жылдық тәжірибесі бар нотариус маманы, алайда табысты мансабына қарамастан, өнер әлеміне саяхатын 2020 жылы «Beautiful Art» студиясының жетекшісі шебер Дмитрий Кецманның жетекшілігімен бастады. Өміріндегі бұл жаңа бағыт авторға дарындылығын дамытып, жаңа қырларын ашуға мүмкіндік берген нағыз шығармашылық жетістік болды.
– Менің немерем де көп жыл бойы өнермен айналысты. Мен оны студияға бірге ертіп апардым. Міне, осы уақыттан бастап жан дүниемдегі болып жатқан құбылыстарды қағазға түсіру мүмкіндігі туды. Мен көп адамдар байқай бермейтін табиғаттың сұлулығын, нәзіктігін, сүйіспеншілігін түрлі бояуларды бірлестіру арқылы еркін жеткізгім келді. Өнер – адам мен қоршаған ортаның алтын көпірі. Мен сол көпірге аяқ басқаныма қуанамын, –дейді суретші.
Экспозицияда суретші майлы бояу, кенеп, текстуралык паста жане аэрограф техникаларын қолданды. Бұл әдістер туындыларға ерекше визуалды эффекттер береді. Өнерде белгілі бір стиль немесе бағыт таңдамай, техникалармен еркін тәжірибе жасап, Дана көрерменді жарқын, ашық түстермен эмоцияларға бай өнер туындыларын тамашалауға шақырады. Суретшінің басты мақсаты — өзінің шығармашылық жұмысы арқылы сезінетін күш қуат пен өмірге деген сүйіспеншілігін жеткізу, бөлісу. Оның туындылары қуаныш пен үйлесімділіктін, бейбітшілік пен рухани ағартушылыққа деген ұмтылыстың көрінісі. Дана Бүркітбаева «Fiestalonia», «Художники в массы» және «Art Start», Алматыдағы «Art Group» халықаралық фестивалі сияқты халықаралық байқаулар мен фестивальдерге белсенді қатысады. Оның жұмыстары бірнеше рет жүлделі орындарға ие болып, суретшінің ерекшелігін көрсетті.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»