Ерекше балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қоғамның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік беру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Қарағанды облысында бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Балалардың қабілеті мен қызығушылығына қарай түрлі үйірмелер, қолөнер шеберханалары және ат терапиясы секілді қолдаушы бағдарламалар іске қосылуда. Мұның бәрі олардың әлеуетін ашуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Қарағанды облысында инклюзивті қоғам құру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы бағыттағы жұмыстар аясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен онлайн форматта кездесу өткізді. Жиын барысында инклюзияны дамыту, қолдауды қажет ететін отбасылардың мәселелері және оларды шешу жолдары кеңінен талқыланды.
– Істеп жатқан істеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Қазіргі таңда көптеген мәселе өз шешімін тауып жатыр, алайда біз өз тарапымыздан арнайы хаттама дайындап, жылдың соңында қайта жиналып, жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысындағы мәдениет үйлерінде зағип және есту қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы үйірмелер белсенді жұмыс істеуде. «Интеграция» жобасы арқылы балалар мен кәсіби әртістер бірлесе өнер көрсетіп, қоғамдағы инклюзияны нығайтуға үлес қосуда. Сонымен қатар, Қарағандыда иппотерапия бағыты ерекше дамып, келесі жылы бұл бағдарлама Теміртау қаласында да қолға алынбақ. Тіпті «Жасыл ел» еңбек жасақтарында инклюзивті топтардың қатысуы қоғамдағы тең мүмкіндіктерді кеңейтуді көрсетеді.
– «Жасыл ел» бағдарламасы жыл өткен сайын қарқынды дамуда. Биыл біз бұл жобаны ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін пилоттық жоба ретінде енгіздік. Қатысқан балалар өздерінің алғашқы табыстарын атап өтті. Әрине, бұл жолда ата-аналарының қолдауы маңызды болды, алайда бұл – үлкен ілгерілеудің белгісі. Осындай бастама балаларға өз мүмкіндіктерін сынап, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік берді, – дейді «Batyl Jureq» ҚҚ тең құрылтайшысы Гауһар Акижанова.
Бұл жоба көптеген бала үшін алғашқы еңбек тәжірибесін беріп, өз күштерімен тапқан алғашқы табыстарын сезінуге мүмкіндік жасады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»