«Ердің туы — намыс»
8 ақпан 1992–2001 жылдары Тәжік- Ауған шекарасындағы қақтығыста жауынгерлік міндетін орындаған Қазақстандық жекелеген құрама атқыштар батальонының Тәжікстан Республикасынан шығарылғанына 21 жыл толды. Аталмыш қақтығыста ТМД шекарасын қорғау жолында ерлік көрсеткен Қарағандылық ардагер жауынгер — Шүкіржан Елубайұлы Құлжанбеков. Өспен ауылының тумасы сол бір қиын қыстау күндері жайлы естеліктерімен бөлісіп, тағылымды әңгіме ағынын өрбітті.
— Білуімше, қазір еңбек демалысындасыз. Қанша жыл әскери қызмет атқардаңыз?
— Иә, капитан шенімен зейнетке шықтым. 1999 жылы 27 ақпан мен 17 шілде аралығында Тәжік- Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатыстым. 1999–2006 жылдары Алматы қаласындағы арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасағында қызмет атқардым. 2006 жылы Қарағанды қаласындағы 5 451 әскери бөліміне ауысып, арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасағында бөлім басшысы, топ командирі, кейін штаб басшысының орынбасары болдым.
— Тәжік- Ауған қақтығысына шақырту алғанда бірінші кезекте не ойладыңыз?
— Тәжікстанда 1992 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде тәжік- ауған шекарасындағы қауіпсіздік босаңсыды. Ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ тасыған. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993– 2001 жылдар аралығында бітімгершілік операция жүргізілді. 1993 жылдан бастап Тәжік- Ауған шекарасында тоғыз жарым мыңнан астам қазақстандық жауынгер отан алдындағы борышын өтеді. 1999 жылы, әскери қызметімді өтеп жүргенде, мен де осы міндетті атқаруға бұйрық алдым. Командирім жақындарымның жанында болуға бір күн берді. «Бұйрықтың аты — бұйрық» деп қара шаңырағыма келіп, мән-жайды баяндадым. Келіншегім мен анам жылап қалды. Алайда, өзім абыроймен, аман оралатыныма сенімді болып, қақтығысқа аттандым.
— Алғаш рет адамға оқ атқанда қандай сезімде болдыңыз?
— Соғыс болған соң, әрине, жауыңа оқ ату керек. Алайда, бұл үшін өзіңнің арыңның алдында жауап беру қиын. Алғаш оқ атқан адамның сұлбасы әлі күнге дейін есімде.
” Кейде түсімде көремін. Сондықтан, мейлінше, бейбітшілігімізді, тыныштығымызды бағалайық. Ұйқымыз тыныш болсын.
— Сол күндерден ерекше есте қалған оқиғалар бар ма?
— Ол уақытта өкінішті сәттер де, қуанышты сәттер де аз болмады. Радио-телефон деген дүниені сол қақтығыста бірінші рет көрдім. Сол арқылы үйге хабарласқаным бар. Жақындарымның дауысын естіп, бір марқайып қалғаным әлі есімде. Бүгін кешкі асты бірге ішкен жолдасыңды ертеңгі түскі аста көрмей қалуың мүмкін. Себебі, біз, қазақ батальоны Тәжік- Ауған шекарасының ең қауіпті аумағында болдық. Ең қиыны — қай жақтан оқ атылатынын білмейтінің. Кез-келген жағдайға сақадай сай болуың керек.
— Жаудың беті қайтты. Аман-есен елге оралдыңыз. Не сезіндіңіз?
— Ол сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өкінішке қарай, бізбен бірге елге қайта алмаған бауырларымыз жоқ емес еді. Бір жағынан жауды жеңіп, жақындарыңмен қауышқаның үшін қуансаң, енді бір жағынан жолдасыңның бұл күнді көре алмағаны жаныңды сыздатады.
— Бүгінгі таңда қаруластарыңызбен хабар алысып тұрасыздар ма?
— Жақында ғана Алматыға бардым. Сол кезде жауға бірге қарсы шыққан сарбаздармен кездестім. Одан бөлек, қаруластарым Атырау, Ақтауға да шақырып тұрады. Шақырған жерден қалмауға тырысамын.
— Саналы ғұмырыңызды әскерге арнапсыз. Үйде де әскери тәртіп орнатқансыз ба?
— «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді.
” Қазіргі отбасылық мəселелердің барлығы осы тəртіптік жүйенің жоқтығынан деп ойлаймын. Сондықтан, үйде барынша жүйелі тəртіп орнатып, орнымен қаталдық танытамын.
— Кеудеңіздегі орден, медальдарыңыз туралы айта кетсеңіз. Еңбегіңіз бағаланды ма?
— «Ер есімі ел есінде» ғой. Еңбектің бағаланғаны кеудедегі медаль санымен өлшенбейді. Ұрпағым менімен мақтана алса — сол мен үшін үлкен сый. Десе де, қызығушылық танытқаныңыздықтан, сұрағыңызды жауапсыз қалдырмайын: бұл — Ресей, Тәжікстан мемлекеттерінің медальдары және еліміздің І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдары.
— Батырға тек білек емес, білім де қажет. Қандай кітаптар оқығанды ұнатасыз?
— Бауыржан Момышұлының шығармаларын сүйіп оқимын. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың өзі «тарихтарыңды біліңдер» деген. Осы тамыры терең тарихымызды оқудан ешқашан жалыққан емеспін.
— Әскери қызметті таңдағаныңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?
— «Ер аазамат ел үшін туады, ел үшін өледі». Бұл менің өмірлік ұстанымым. Өмірге қайта айналып келсем де, осы жолды таңдар едім. Қазір ауылға барып, ат мініп, жабағы үйрететін жігіттер аз. Ер адам қай маман иесі болса да, кеудедегі намысын жоғалтпауы тиіс.
” Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мұра етіп қалдырған осынау ұлан-байтақ даламызды біз де көзіміздің қарашығындай қорғап, келешек ұрпаққа аманат етіп табыстауымыз қажет.
— Сұхбатыңызға көп рақмет!
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»