Ер есімі ұмытылмайды

Ер есімі ел есінде.Қарқаралы аумағында туындаған дала өртінде қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан Саран қаласының өрт сөндірушісі Хали Хайратқа қайтыс болғаннан кейін «Ерлiгі үшін» медалі берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құтқарушы Хали Хайрат қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекет басшысының атынан арнайы марапатты оның туған-туыстарына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті. Әкім өз сөзінде Хали Хайраттың жасаған ерлігі мен батырлық әрекеттері бүкіл елге үлгі болатынын, оның ерлігі ел жадында мәңгілік сақталатынын атап өтті.

– Бүгін біз батырларымыздың ерлігін еске ала отырып, олардың біз үшін жасаған ұлы істерін мәңгілікке сақтайтынымызды атап өткім келеді. Бұл марапат – оның ел үшін жасаған жанқиярлығының айқын белгісі. Хали Хайраттың есімі ел арасында құрметпен аталып, ерлігі үшін мақтан тұтылып, мәңгі есімізде сақталады, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Мемлекеттік награданы тапсыру рәсіміне Хали Хайраттың әріптестері, жақындары және құтқарушылар қатысты. Хали Хайратты еске алу сәтінде оның жасаған жанқиярлық әрекеттері, кәсіби міндеттерін орындаудағы батылдығы мен ерлігі айрықша сөз болды.

– Хали әрқашан бірінші болып алға ұмтылатын. Оның батылдығы мен жанқиярлық ерлігі біздің жүрегімізде мәңгілікке қалады деп ойлаймын. Ол бізге үлгі, оның ерлігі бізді тек алға жетелейтін күш береді, – деді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Еске салайық, 6 қазан күні Қарқаралы ауданында шөп тұтанып, үлкен орман өртінің шығуына себеп болды. Желдің күшті болуы өрттің жылдам таралуына әсер етіп, Павлодар облысына дейін жеткен өртті тоқтату қиынға соқты. Өртті сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен қосымша өңірлік топтардың қызметкерлері жұмылдырылды. Осы қауіп-қатермен күресу барысында ТЖД-нің екі қызметкері мен ерікті өрт сөндіруші қатты күйік жарақатын алды. Оларға дереу медициналық көмек көрсетілді, ал тағы бір тұрғын «Қазавиақұтқару» тікұшағымен ауруханаға жеткізілді. Хали Хайрат алауды тоқтату кезінде өрт ішінде қалып, ауыр жарақат алып қайтыс болды. Құтқарушыларға шығу жолы биік шөптер мен қатты желдің әсерінен өрттің жылдам таралуымен жабылып қалған. Хали Хайрат Саран қаласындағы №24 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып, өз өмірін қауіпке тіге отырып, өзгелерді қорғауға бел буған ер жүрек батыр ретінде ел есінде қалды. 33 жастағы өрт сөндірушінің батылдығы, отбасына деген қамқорлығы мен қызметке адалдығы қазақ халқының жүрегінде мәңгілік сақталатын болады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

 «QH»