Ер есімі ел есінде
«Достық үйінде» танымал жерлестеріміз Қамали Дүйсембеков пен Қали Аманбаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Камали Жұматайұлы Дүйсембеков пен Қали Әлібекұлы Аманбаевтың есімдері өңрімізде ғана емес, еліміз бойынша танымал жерлестеріміз. Екеуі де Ұлы Отан соғысының ардагерлері, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, ел дамуына елеулі үлесін қосып, туған жердің игілігі үшін еңбек етті. Олардың басқарушылық қызметте, партиялық саяси жолында өнегелі өмірі, еңбек жолы мәңгілікке халқына қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала бермек дейді көпшілік.
— Енді екеуі де белгілі адамдар, біреуі кезінде соғыстан кейін облыстық телевидениені басқарды. Содан кейін облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Пенсияға шыққан соң, біздің облыстық ардагерлер кеңесін басқарды. Бірінші басшымыз деп біз ол кісіні мақтанышпен айтамыз. Қамали Жұматаевич ол кісі көп жылдар ауыл шаруашылығында істеп, Жаңаарқада хатшы болды, атқару комитетінің төрағасы болды. Одан кейін Шет ауданында 16 жыл хатшы болды, -деп есіне алды Қарағанды облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов.
2025 жыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Осынау айтулы датада жерлес батырларымызды ҰОС ардагерлерін арнайы еске алып, ол кісілердің қан майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегін ұмытпай жас ұрпаққа үлгі боларлық қайсар рухын көрсету, еске алу үшін Достық үйіне мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлім қызметкерлері, депуттар арнайы жиналды.
— Ұлы бабамыз Әл Фарабидың сөзі бар, «тарихын зерделемеген, болашағын анықтай алмайды» — деп. Сондықтан бұл шараның мәні мен маңызы ерекше. Ақсақалдарымыздың өмір жолын саралап отырмыз. Олар бүгінгі жастарға үлгі болмақ, ақсақалдардың ізін басып келе жатқан жастардың мінездері қайсар болсын. Қазақтың ұлы рухы асқақтай берсін, –деді Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Еске алу кешінде Қали Әлібекұлы Аманбаев пен Қамали Жұматайұлы Дүйсембеков жайында ізбасарлары естеліктерімен бөлісіп, өнегелі өмір жолын көрсеткен жерлестеріміз жайында зор құрметпен пікір білдірді. Қамали Жұматайұлының қызы Гүлжахан апамыз, менің әкем елдің адамы деп әкесінің рухына тағзым етіп, еңбегін зор құрметпен еске алып жатқанына ризалық пейілін білдірді. Отан соғысы жылдарында, Қарағанды облысынан майданға 45 мыңға жуық жауынгер аттанды. 6 мыңнан астам қарағандылық Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерлігі мен батырлығы үшін ордендермен және медальдармен марапатталды. Ал 18 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»