Ер есімі ел есінде

Кеншілер қаласының Жеңіс саябағында Ауғанстандағы жауынгерлік операциялар кезінде қаза тапқан батырларға арнап ескерткіш тұрғызылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен майдангерлердің жақындары келіп, салтанатты шараға қатысты.

Күлбике Мақажанова – Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан батыр Еркебұлан Мақажановтың анасы. Оның ұлы және оның қаруластары Ауғанстан шекарасында шеп құрып, шебер қорғаныс үлгісін көрсеткен. Бұл бүкіл Орталық Азияның заңсыз әрі зиянкестік әрекеттеріне тосқауыл болған.

– Сіздерге ескерткіш орнатып жатқандарыңызға алғысым шексіз. Келешекте өсіп келе жатқан жас ұрпақтарға бұл үлкен өнеге. Алдында өткен батыр ағаларын білетін болады. Менің ұлым өлмеді, тасқа қашалып аты жазылды, – дейді қайтыс болған батырдың анасы Күлбике Мақажанова.

Қарағанды қаласындағы жаңа ескерткіштің ашылуы гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қайтыс болғандардың туыстары мен олардың әріптестері ескерткіштегі жақындарының есімдерін көріп, көңілдері босаған сәттер де болды.

– Біз тәжік-ауған соғысының кешегі ардагерлеріне, қаза болған әскери топқа, үлкен ескерткіш ашылып отырғанына байланысты Қарағанды облыстық Германия кеңес әскери тобы және Варшава келісімшарттық әскери тобының бір топ қаруластарымыздың шақыруымен келіп отырмыз. Енді біздің келер ұрпаққа естелік, ескерткішке құрметпен қараймыз, – деді Варшава Кеңесі шарттық әскери тобының төрағасы Егінбай Слямов.

Ауғанстан шекарасындағы соғыс кезінде 635 адамның 46-сы қаза тауып, 100-ден астамы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Бейбіт өмірге жету жолында басын бәйгеге тіккен батырларымыздың еңбегі келешек ұрпаққа үлгі. Қалалық мәслихат депутаты, сондай-ақ шекара ардагері Шәкіржан Құлжанбековтің айтуынша, ескерткіш қала және облыс әкімдерінің қолдауымен салынған.

– Жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінен көп ардагерлер келді. Оның ішінде Шымкент, Алматы, Қарағанды, Тараз, Ұлытау, Астана, Атырау, Ақтау, жан-жақтан өте көп ардагерлер келіп жатыр. Біздер де басқа мемлекеттің аумағында ұрыс-қимылдарының ардагерлеріміз. Бізге Чернобыль апаты, Таулы Қарабақ ардагерлері келді, – деп қосты қалалық мәслихат депутаты, Тәжік-Ауған шекарасының ардагері Шүкіржан Құлжанбеков.

Ел тыныштығы жолында соғысқан батырларымыздың ерлігін ескерусіз қалмақ емес. Оған дәлел жаңадан бой көтерген еңселі ескерткіш.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»