Ер есімі – ел есінде

Әлихан Бөкейхан ауданындағы Бала қажы мешітінде ҚР Ұлттық гвардиясының қатардағы жауынгері Мадияр Қайсаровпен қоштасу рәсімі өтті. Сарбаз 2022 жылы 5 қаңтарда елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде шейіт болған.

19 жастағы сарбаз отбасындағы жалғыз ұл еді. Қарағандыдағы «Шығыс-5» шағынауданында тұрған. Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін жоғары оқу орнына түсіп, бағдарламашы мамандығын оқып шығуды жоспарлаған. Кезінде музыкамен, сурет салумен айналысып, көлік жүргізіп үйренген. Әскери комиссариаттан шақыру қағазы келгенде, әкесіне: «Жігіттер әскери қызметін атқаруы тиіс. Мен де бұл борышымнан жалтармаймын», – деген. Марқұмның осы сөздерін есіне түсіріп, қоштасу рәсімі кезінде әкесі көз жасына ерік берді.

– Біздің жан дегенде жалғыз ұлымыз еді. Бала кезінен зерек болып өсті. Кейін қасымнан қалмай еріп жүретін серігім болды. Бірге көлігімізді жөндеп, бірге әр нәрсені талқылайтынбыз. Достары көп еді. Әскерге де ойламаған жерден кетті де қалды. Қоштасып та үлгермедік. Енді келеді деп жүрген кезде осындай жағдай болды. Ерлігін ескеріп, көңіл бөліп жатқандарға алғыс білдіремін, – деді Оразалы Қайсарұлы.

Көңілге медеуі – батырдың елі үшін туып, елі үшін жан қиғаны. Мадиярдың әкесіне күрең берет тапсырылды. Ол әскер қатарында тапсырманы бұлжытпай орындап, антқа адал болғандарға ғана табысталады.

Сарбазды ақтық сапарға шығарып салуға Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа, Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мұхтар Қайшатаев, ҚР Ұлттық ұлан офицерлері, сондай-ақ туған-туыстары мен достары келді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің, сондай-ақ ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың көңіл айту сөздері оқылды.

Мадияр Қайсаровтың денесі Ботақараға, атасының және басқа дажақындарының жанына қойылды.

– Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев ішкі істер органдары және басқа да саланың қаза болған бүкіл 16 қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Соның ішінде Ұлттық ұлан қатарында болған Қайсаров Мадияр мен Аманов Айбат қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, – деді Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Қанат Беляков.

Сол күндері Талдықорғанда тағы бір қарағандылық гвардияшы – 18 жастағы Айбат Аманов көз жұмды. Ол әскери бұзақылар мен қарақшылармен бетпебет күресті. Марқұмның жерлеу рәсімі Жаңаарқа ауданында өтті.

– Сап түзеген сарбаздардың қарсы алдында елі үшін қасқайып тұрып қаза тапқан Қайсаров Мадияр мен Аманов Айбаттың суреті тұр. Небәрі 19 жасында шейіт болған қос сарбаз қазір қатарластарына ерліктің көрінісі ретінде насихатталып жатыр. Ұлттық ұлан елі үшін етігімен су кешкен сарбаздарды ұмытпайды, – дейді командирлер.

Қазіргі есеп бойынша, елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери саланың 16 қызметкері қаза болған. 400-ден астам әскери түрлі деңгейде жарақат алған. 90- ға жуық техника өртелген. Елдегі барлық әскери бөлімде ерлікпен қаза тапқандарды еске алу рәсімдері өтіп жатыр.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

QH.