ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

2024 жылдың 4 айында облыста жіті ішек инфекциясының 250 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдықтың 31% төмендеуі байқалады. Бұл туралы журналистермен өткен брифингіде айтылды.

Жіті ішек инфекциясы – асқазан-ішек жолдарының басым зақымдануымен сипатталатын, әр түрлі микроорганизмдер тудыратын аурулар тобы. Дерт негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады. Осыған байланысты мамандар аурудың қайталануы мүмкін екенін айтады.

– Барлық ішек ауруының таралу механизмі фекалды-оралды жол арқылы, яғни инфекция тамақ, су, тұрмыстық байланыс арқылы жұғады. Азық-түлік тұтынғанда оның сақтау мерзімі дұрыс па, қай жерде сақталғаны туралы ойланбаймыз, жуылмаған қолмен жейміз, осылайша денсаулыққа үлкен қауіп төндіреміз. Жедел ішек инфекцияларының негізгі белгілеріне жүрек айну, құсу, әлсіздік жатады, – дейді Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байтуғанова.

Сала мамандары аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу медицина мамандарының көмегіне жүгінуге кеңес береді. Ішек инфекцияларымен ауырмау үшін тұрмыстық өмірдегі қарапайым ережелерді сақтау қажет.

– Жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз, тамақ дайындамас бұрын, тамақтанар алдында, көшеден келгеннен кейін қолыңызды сабынмен мұқият жууды, өнімдерді кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмауды, тез бұзылатын тамақ өнімдерін сатып алғанда таңбалауды мұқият зерттеп, назар аударуды ұмытпаңыз. Азық-түлік сақтау, аспаздық өңдеу кезінде және жеке гигиена ережелерін қатаң сақтай отырып өзіңізді және жақындарыңызды аурудан қорғай аласыз, – деп кеңес береді мамандар.

Жазда балалар арасында ішек инфекциясының саны артатыны жасырын емес. Біріншіден, жылы мезгіл патогендердің тамақ өнімдеріне (сүт өнімдері, ет, балық, сорпа) енген кезде көбеюіне және асқазан-ішек жолдарының қорғаныш кедергілерін төмендететін микроорганизмдердің санына тез қол жеткізуге ықпал етеді. Екіншіден, жазда көптеген көкөніс, жеміс-жидек жейді, оларда көптеген қауіпті микроб болады. Үшінші себеп – балалар жазда көшеде көп уақыт өткізеді. Жеке гигиена қағидаларын сақтамаған кезде микробтар организмге лас қолдар арқылы енеді. Төртіншіден, жазда балалар да, ересектер де ашық суайдындарда шомылады. Суда микроорганизмдер тіршілік әрекетін ұзақ уақыт сақтайды.

Судың, қолдың таза болуы және сапалы тамақ – балаңыздың денсаулығын сақтау үшін қарапайым, бірақ тиімді кеңестер.

Суды тек қайнатып ішу керек. Өйткені тұрмыстық тазарту сүзгілері микроорганизмдерді ұстай алмайды. Тіпті демалыста да сақтық шараларын ұмытпау керек: шомылу кезінде су жұтуға болмайды, өнімдер мен сусындарды тек тоңазытқыш сөмкелерде сақтау керек, белгісіз су көздерінен су ішуге болмайды. Бөтелкедегі суды және бір рет қолданылатын ыдыстарды пайдаланған жөн.

Қолды өңдеу үшін бір рет қолданылатын дымқыл майлықтарды қолдану керек. Көкөніс, жеміс-жидекті мұқият жуыңыз! Әсіресе құлпынай, салат сияқты өнімдер жерде өсетіндіктен, абай болу керек.

Жіті ішек ауруларын «кір қол ауруы» деп те айтады. Сондықтан күнделікті қолды жиі жуып, таза ұстаудың маңызы зор екенін ескертеді мамандар. «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін ұмытпаған жөн. Олай болса ауырып ем іздегенше, алдын алайық!

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»