Энергетикалық жүйедегі АЭС тиімділігі
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Атом өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Талқыланған басты тақырып – энергетикалық жүйедегі АЭС тиімділігі.
Аталмыш тақырып аясында Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ Өндірістік үдерістің автоматтандыру кафедрасының доценті, PhD Қаршиға Смағұлова баяндама жасады. Маман пікірінше, болашақта Қазақстанда тұрақты апаттық ажыратулар жиі болуы мүмкін. Елде энергия лимиті бар. Беделді мамандардың айтуынша, 2035 жылға қарай энергия тапшылығы 3 гкВт-қа дейін төмендейді. Бұл көптеген станцияның ескіруімен де, энергия тұтынудың өсуімен де байланысты.
– Тозығы жеткен электр станцияларын пайдалану қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді, болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді. Электр станциялары көмірмен 1 ГкВт/сағ энергияға 970 тонна парниктік газ, мұнайға 720 тонна, газбен 440 тонна, күн энергиясымен – 53 тонна, ал АЭС барлығы 11, 6 қуат шығарады, – деп түсіндірді ҚарТУ ӨҮА кафедрасының доценті, PhD Қаршиға Смағұлова
Ал Қазақстанда электр энергиясының 77%-ын қамтамасыз ететін көмір генерациясы басым. АЭС ұзақ қызмет ету мерзімі 60 жылдан 80 жылға дейінгі тұрақты энергия көзі. Атом электр станцияларын пайдаланудың әлемдiк тәжiрибесi олардың тиiмдiлiгi мен қауiпсiздiгiн, оның iшiнде адам өмiрi мен табиғат үшiн де қауіпсіз екенін көрсетедi. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің деректері бойынша, бүгінгі күні әлемнің 31 елінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді. 15 мемлекетте, оның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия және Ұлыбританияда 60 жаңа атом станциясының құрылысы жүргізілуде.
– Атом энергетикасының үлесіне энергия өндіруші қуаттардың шамамен 10%-ы тиесілі. КСРО кезінде құрылған біздің энергия жүйеміз өте қуатты болды. 90-шы жылдары ірі кәсіпорындардан энергия тұтыну азайғандықтан, бізде ұзақ уақыт бойы энергия жүйесіне тиісті көңіл бөлінбеді, ал энергия жүйесі – бұл әрқашан жөндеу мен физикалық тозу арасындағы күрес, ол 2018 жылы 45%-ды құрады, ал 2019 жылы 75%-ға жетті, – дейді Қаршыға Смағұлова.
Президент биылғы жылғы халыққа Жолдауында АЭС құрылысының маңыздылығына тоқталды. 6 қазанда елімізде осы мәселе бойынша жалпыұлттық референдум өтті. Оның қорытындысына сай АЭС құрылысын қолдағандар 71,12% құрады.
Бүгінде көптеген ел өндірілетін энергия түрлерінің неғұрлым тиімді және орнықты құрамын іздеуде. Бұл жерде атом энергиясының маңыздылығын атап өткен жөн, оның оң тәжірибесін Солтүстік Америка, Еуропа, Азия және Африка көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстан уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрған ел, энергия тұтыну тұрғысынан азаматтардың өмірін жеңілдететін жобадан тыс қалмауы тиіс. Көптеген сарапшы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы орасан рөлін атап өтеді. Мәселен, елдер арасында пікір, технологиялар, тәжірибе алмасу. Осының бәрі өз кезегінде атом саласының дамуына ықпал етеді.
– Цифрландыру мен автоматтандыруды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл атом объектілерінің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыратын жаңа ақпараттық технологияларды енгізу. Және де бұл – жоғары білікті мамандарды даярлау, – дейді Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ Өндірістік үдерістің автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі Вячеслав Югай.
МАГАТЭ мәліметінше, әлем бойынша тағы да 60 жаңа атом реакторлары салынуда. Мысалы, Қытайда – 26, Үндістанда – 7, ал келесі жылы Түркияда бірінші «Аккую» АЭС-і энергоблогын іске қосады. Станцияда барлығы 4 реактор болады. Олар Стамбул тұрғындарын электрмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті болуы тиіс, бұл 15 млн адамды құрайды. Отандық сарапшылардың пікірінше, атом саласында тиісті тұрғыда еңсеруге болатын сын-қатерлер бар.
– Біріншісі – қауіпсіздік. Біз атом энергетикасы қатаң қауіпсіздік стандарттарын талап ететінін білеміз. Чернобыль және Фукусима сияқты апаттар осындай ықтимал тәуекелдерді еске салады. Тағы бір маңызды аспект – қалдықтарды кәдеге жарату. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу – маңызды тақырып. Сондай-ақ, бүгінде баламалы энергетика белсенді дамып келеді және бұл атом энергетикасын дамытуда бәсекелестік тудырады, –деп атап өтті Вячеслав Югай.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының қуаты жеткіліксіз. Біздің еліміз 112 мың миллион килловат-сағат өндіріп, 115 тұтынады. Тапшылықтың бір бөлігін біз көршілес Ресейден алып отырмыз. Және Қазақстан мұндай проблемасы бар жалғыз ел емес, алайда әлем оны шешуді, яғни жаңа энергия қуатын енгізуді, атом энергетикасын пайдалануды үйренді.
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ Өндірістік үдерістің автоматтандыру кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Валерий Иванов: «АЭС құрылысы бізге бұл тапшылықты жоюға және тіпті ең аз уақытта электр энергиясын Өзбекстанға, Қырғызстанға, Ресейге сатуға мүмкіндік береді», дейді.
Президент өз сөзінде атап өткендей, жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескерсек, біз сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтажбыз. Сондықтан да атом энергетикасының дамуына барынша назар аудару қажет.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»