Энергетикалық тұрғыда тәуелсіз бола аламыз ба?

Энергетикалық тұрғыдан біз тәуелсіз болуымыз керек. Ал тәуелсіз болу үшін басқа да бір энергия көздерін қарастырумыз керек, дейді энергетик мамандар. Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры Қазақстан уранға өте бай, шикізат қоры жеткілікті болған бұл күнде біз неге өзімізде АЭС салмаймыз деген пікірін білдірді.

Ұсынылған дерекке жүгінсек, Қазақстан уран қоры бойынша дүниежүзінде екінші орында және ол дүниежүзіндегі қордың шамамен 14%-ын қамтиды. 2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік өндіріс санатында уранның 40%-ға жуығын өндіріп, уран өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылатыны жазылған. Елімізде 900 мың тоннадан астам уран бар, бұл атом электр станцияларын алдағы ұзақ жылдар бойы отынмен қамтамасыз етуге жетерлік делінген. Осындай қор мен ғылыми әлеуеті бар біздің елімізде неліктен әлі күнге дейін АЭС салмай жатыр деген халықаралық сарапшылар сұрағы да туындауда. Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, жылу физика маманы Бекболат Нүсіпбеков Қазақстанда бұрын АЭС болғанын, оның табысты жұмыс істегенін атап өтті.

– Бізде АЭС болған, ол Ақтау қаласында 1973 жылдан бастап 1999 жылға дейін жұмыс істеді, 25 жыл. Өзінің капсуласында 1972 жылы іске қосылды деп көрсетілген, солай жазылған. Нақты АЭС, ол жерде электроэнергиясымен халықты қамтамасыз етті. Ол жерді сумен қамтамасыз етті. Сонымен қатар кәдімгі ішетін тұщы суды арнайы Каспийден құбырлар арқылы тартып алып, соны пайдаланып, халыққа берді, – дейді  ҚарЗУ физика техникалық факультетінің профессоры, жылу физика маманы Бекболат Нүсіпбеков.

Әлем бойынша жалпы атом энергетикасы сапалы және тиімді энергиямен қамтамасыз етудің тұрақты және «жасыл» нұсқасы ретінде қарастырылуда. Нақты осы сала мамандары АЭС көмір станцияларымен салыстырғанда қалдықтарды айтарлықтай аз шығарады, бұл оларды барынша экологиялық таза энергия көзіне айналдырады. Көмір станцияларынан айырмашылығы, АЭС қалдықтарды ауаға шығармайды, бұл көмірқышқыл газы мен бөлшектер сияқты зиянды заттардың шығарындыларын айтарлықтай азайтатыны айтылған. Жалпы Қазақстандағы АЭС 90-шы жылдардан бастап аймақты энергетикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін маңызды экономикалық жоба ретінде қарастырылыпты. Сол кезеңнен-ақ, Балқаш көлінің бойындағы аймақ құрылыс ауданы ретінде таңдалғаны да айтылған. Ол кезде біздің еліміз энергетикалық тұрғыда өзгеге тәуелді болса да, АЭС салуға экономикалық тұрғыдан мүмкіндік болмады, дейді профессор.  

– Экономикалық тұрғыдан Қазақстанда ондай ақша болған жоқ, оны салу мүмкіндігі де болған жоқ. Енді сол Балқаштың маңайы деген, қорқуға болмайтындығын мен түсіндіріп өттім. Сверлов облысында Заречний деген қала, сол жерде АЭС тұр. Ол біздің Қостанайға дейін 541-ақ шақырым аралығы. Олар арнайы жасанды көл суын пайдаланады. Ешқандай қауіптенетін дүние жоқ, – деп қорытындылады Бекболат Нүсіпбеков.

АЭС көмір станциялары сияқты, салқындату үшін суды қажет етеді, егер бізде атом электр станциясын салар болса оған қажетті суды Балқаш көлінен алу мүмкіндігі де әзірге жоспар, жоба ретінде айтылды. Қалай дегенмен, АЭС салуға қатысты нақты шешім жалпыхалықтық референдум өткізген соң ғана қабылданады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»