Энергетика саласындағы ахуал

Атом өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды ​​техникалық университетінде дөңгелек үстел отырысы өтті. Кәсіби мерекеге орайластырылған жиында энергетика саласындағы ағымдағы ахуал да талқыланды.

Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің күні тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысын Қарағанды Техникалық Университетінің Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультеті ұйымдастырған. Ғылыми жиынның модераторы ретінде Университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты Әли Мехтиев сөз алды. Бүгінгі күнде қоғам талқысына түсіп жатқан Атом өнеркәсібі бағытында айтар мәселе біршама. Университеттің оқытушылары АЭС, энергетикалық жүйедегі тиімділік мәселелері төңірегінде баяндама жасады.

– Референдум алдында қойылатын сұрақтар: АЭС-тің артықшылығы, кемшілігі, экологиялық, экономикалық мәселелері. Біз оқытушы ретінде қандай үлесімізді қоса аламыз? Біздің осы университет энергетика факультеті АЭС туралы пәндермен сабақ беруге дайынбыз ба? Біліктілігіміз жетеді ме? Жалпы студенттер, магистранттар, докторанттар осы сұрақ туралы біледі ме, ол да бізді ойландырады. Біздің студенттер АЭС-ның үлгі-макеттерін жасаған болатын, – дейді Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ «ӨПА» кафедрасының доценті Қаршыға Смағұлова.

Оқу орны оқытушылары, студенттері мен магистранттары қатысқан ғылыми жиында энергетика саласының ағымдағы жағдайы жан-жақты талқыланды. Термоядролық энергетиканың тиімді дамуының қазіргі әлемдік тенденциялары, сондай-ақ, атом энергетикасы мен энергетика саласын интеграциялау мәселесіне оқытушылар қауымы зер салған.

– Қазақстанда 30 жыл көлемінде тек бейбіт атомдар шығарылды, тек бейбіт атом энергетикасы дамыды. Бүгінгі таңда біздің ел уран қоры жөнінен дүниежүзінде екінші, игерілген қор бойынша, жалпы көлемі жағынан бірінші орында тұрмыз. Айта кетері, атом электр станциясының қауіпсіздігі және қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері қарастырылуда, – дейді Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ ЭАТФ деканы Феликс Булатбаев.

Әлемдік үдерістер аясындағы Қазақстан мен Атом электр станцияларын пайдаланудың халықаралық тәжірибесі тақырыптары да сөз болды. Мамандар пікірінше, бұл күнде атом энергетикасы үздіксіз энергия өндірудің ең озық әдісі деп қарастырылуда. Ғалымдар, Қазақстанның энергетикалық орталығы республикада өндірілетін барлық электр энергиясының 70%-ға жуығын қамтамасыз ететін көмір электр станцияларына тікелей тәуелді екенін де атап өтті. Және көмір қоры да шектелуі ықтимал уақытта атом энергиясына ауысу маңызды, бұл ел дамуына да жаңа серпін береді деген пайымдарын білдірді.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»