Элиталық ауданнан дау шықты

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысында Таугүл-1 тұрғын үй кешені бар. Бұл жер элиталық аудан атағын алған. Дегенмен тұрғындары кешенде мүлде жағдай жасалмағанын айтады. Не балабақшаға, не аялдамаға жарымай отырғанын айтқан аудан жұртшылығы «енді балалар алаңқайынан да айырылмақпыз» деп шырылдауда.

Дау шығып отырған жер телімі жекеменшікте. Бастапқы жоспар бойынша, әлгі жерге алаңқай салынуы керек болған. Ал жер иесі мұнда үй салмаққа бекініп отыр. Дегенмен әзірге шаһардың Сәулет және қала құрылысы бөлімінен үй салуға ешқандай рұқсат берілмеген.

Бүгінгі таңда бұл жер учаскесі жеке тұлғаға тиесілі. Ауданның тиісті орналасуын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, мұнда аз қабатты тұрғын үйлер түріндегі фондық құрылыс қарастырылған. Бүгінгі таңда Сәулет және қала құрылысы тарапынан құрылысқа қандай да бір рұқсат құжаты берілмеген, – дейді Қарағанды қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а. Жандос Ысқақ.

Тұрғындар онсыз да ғимараттар тығыз орналасқан жерде енді айналатын жер қалмайтынын айтып алаңдаулы.

Мұнда ешқандай да жағдай жасалмаған. Кешке келіп серуендейтін жер жоқ. Маңайдың бәрі лас, шаң жұтып отырмыз. Одан да балаларға футбол алаңы салынып, ағаштар отырғызылса екен, – дейді тұрғын Қуат Таханов.

Таугүл – қаладағы элиталық ауданның бірі. Бірақ халық жағдайы атауына сай болмағанына кіжінулі. Бұрыннан бері тұрған көпқабатты үйлердің бірде-бірі орталық жылыту қазандығына қосылмаған.

Мысалы, мына жерді элиталық аудан деп салықты да көбейтіп жіберген. Бұл – ешқандай да элиталық аудан емес. Не балабақша жоқ, не алаң жоқ. Су да, газ да, жылу да жоқ. Бәрін өзіміз жасап отырмыз. Бұл не масқара? – дейді ашынған тұрғындардың бірі Аманбай Асанұлы.

Ал үйлерді орталықтандырылған жылуға қосу үшін тұрғындар техникалық шарттарды өз есебінен алуы керек екен.

Бұл оныншы магистраль қайта құрылады. Бірақ ол биыл жасалады. Екінші тармақ – қалалардың сорғы станциясын қайта құру. Біз де сол тапсырмаларды бердік. Біз әлі де жобалар жасаймыз. Төменгі Таугүлді әлі алған жоқ. Олар әуелі жылу, су беруге жоспар дайындау керек. Сосын ғана желілер салынуы керек, – дейді «Қарағанды Теплотранзит» ЖШС бас инженерінің орынбасары Нұрлан Рахимбеков.

Шарасыз тұрғындарың бар үміті енді осы ауданға жауапты депутат Әйткен Ахметбековте.

Мұнда жолдардың арасы небәрі 30 метр. 30 метр аз. Яғни ойын алаңына орын қайдан табылады? Мұнда балалардың ойнайтын жері жоқ. Тек балаларға емес, қарт адамдарға да серуендейтін орын жоқ. Мен осы округтің депутаты ретінде тұрғындарды қолдаймын. Құрылысқа қарсымын. Біз осы учаскеде құрылысқа тыйым салу үшін барлық инстанцияға жүгінеміз, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Әйткен Ахметбеков.

Элиталық ауданның уайымы – тек балалар алаңқайы ғана емес. Мұнда кәріз мәселесі де шешілмеген. Бұл аумақ «Қарағанды Су» компаниясының балансында жоқ. Алда-жалда апат бола қалса, тұрғындар бәрін өз қалтасынан жөндетуге мәжбүр. Бірақ монополистер пайдаланылған су үшін ақы алады. «Элиталық» деп айдар тағып, ат қойған ауданның жағдайы осындай…

Нұрәсем АХАН,

«QH»