Елге еңбегі сіңген ардақты тұлға
Елдің дамуы мен өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткері Дәурен Қарасартов 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол – Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы атанған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан тұлға. Білікті басшы ретінде Дәурен Қарасартов аймақтың ауылшаруашылығы саласын күрделі кезеңдерде ілгерілетіп, еңбек адамдарының жағдайын жақсартуға күш салды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі талай бастаманың жүзеге асуына негіз болды. Марқұмның жарқын бейнесі мен ел үшін атқарған еңбегі жұрт жадында сақталады.
Дәурен Абзалұлы Қарасартов 1943 жылғы 30 қарашада дүниеге келген. Еңбек жолында ауылшаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1973 жылы «Қоянды» кеңшарының бас инженері болып еңбек етсе, 1975 жылы аудандық «Қазауылшаруашылықтехника» бірлестігінің басқарушысы қызметіне тағайындалды. 1977 жылы осы ауданға қарасты «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарының директоры болды. 1985 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 1986 жылы облыстық агроөнеркәсіп кешенінің ұйымдастыру-техникалық жабдықтау бөлімін басқарды. Ал 1993 жылдың маусым айынан 1996 жылдың қазан айына дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Еңбек жолын шеберхана меңгерушісі ретінде бастап, кейін ауыл шаруашылығы саласында бірқатар кеңшарларда басшылық қызметтер атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңір экономикасын, әсіресе дағдарысқа ұшыраған ауыл шаруашылығы саласын тұрақтандыру жолында аянбай еңбек етіп, елдің құрметіне бөленген тұлға.
– Дәурен Абзалұлы Қарағанды өңірінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға болды. Ол өте сабырлы, елдің игілігі үшін тыным таппай еңбек еткен жан еді. Жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды, нағыз мықты азамат ретінде есте қалды. Өкінішке орай, ол өмірден озды. Жанұясына сабырлық пен төзімділік тілеймін, – деді Қазыбек би атындағы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек Камалиев.
– Ауылшаруашылығында көптеген мәселені шешуге үлес қосқан. Спортқа да жақын болды. Таң сәріден бастап ауылдарды аралап, колхоздардағы қиындықтарды шешуге бар күшін салатын. Мен Қарқаралыда қызмет істегенде оның қасында талай болып көрдім. Еңбекқорлығы, елге жанашырлығы, халық үшін бар жігерін арнауы өте ұнайтын. Өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан нағыз азамат еді, – дейді Қазақстан Халық партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов.
Дәурен Қарасартов зейнеткерлікке шыққаннан кейін де белсенді еңбек етуді жалғастырып, Қарағанды облыстық жер комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Сол кезде өңірдегі жер мәселелерін тиімді шешуге өлшеусіз үлес қосқан. Өнегелі өмір жолы бар Дәурен Абзалұлының есімі аймақ тарихында мәңгілік есте қалмақ.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


