Электронды сауданың дамуы – өңір экономикасының жаңа драйвері

Электронды сауда – еліміздің экономикалық өсімінің жаңа бағыты ретінде қалыптасып, қарқынды дамуда. Бұл салада Қарағанды облысы да көшбасшылардың қатарында. 

Электронды сауданың қазіргі жағдайы. Қарағанды облысында жетекші фулфилмент компаниялар жұмыс істейді. Олардың қатарында «TEEZ», «Chocofamily», «Flip.kz», «Shop.kz (ТМ «Белый ветер»)», «Wooppay», «Mebels.kz» және басқа да кәсіпорындар бар. Сонымен қатар, интернет платформалар арқылы қызмет көрсету нарығы да дамып келеді. Мысалы, «Volt» (азық-түлік пен тағам жеткізу) және «RegionApp» (такси қызметі) жергілікті тұрғындар арасында танымалдылыққа ие. Бұл қызметтердің 2023 жылғы электронды коммерциядағы жалпы көлемі «6,4 млрд теңгені» құрады.

Қарағанды облысы аумағында 278 интернет-тауарларды жеткізу пункті жұмыс істейді. Электронды сауда бойынша Қарағанды облысы елімізде 3-орында тұр. 2023 жылы облыста электронды сауда көлемі 30,2 миллярд теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 25%-ға артып, 42,2 миллярд теңгеге жетті. 2023 жылы онлайн сауда жалпы бөлшек сауданың 2%-ын құраған (электронды сауда – 30,2 миллярд теңге, жалпы бөлшек сауда – 1485,2 млрд теңге). 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,3%-ға дейін өскен.

Қарағандылықтардың интернет арқылы сатып алатын негізгі тауарлары:

— электронды гаджеттер мен компьютерлер – 52,6%;

— косметикалық және медициналық тауарлар – 14%;

— кеңсе заттары – 10,2%;

— тұрмыстық техника мен жиһаз – 8,8%.

Жаңа мүмкіндіктер және ірі жобалар. TEEZ маркетплейсінің ашылуы – онлайн сауданың дамуына тың серпін берді. Бұл платформа жылына 27 миллион тапсырысқа дейін қызмет көрсете алады және 8 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздеп отыр.

Маркетплейс қызметінің артықшылықтары:

— тапсырысты бір күнде жеткізу;

— ел бойынша 24 қалада тапсырыс беру пункттері ашылған, оның 40-ы Қарағандыда орналасқан.

Бүгінгі таңда TEEZ платформасында 1000-нан астам сатушы тіркелген, ал тауар саны 1 миллионға жеткен. Сонымен қатар, компания 300 жұмыс орнын ашты. Болашақта 120 мың шаршы метрлік қойма салу жоспарлануда. Аймақтық даму жобалары қатарында, Қарағанды облысының географиялық қолайлы орналасуы Сарыарқа әуежайы базасында ірі көлік-логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді. Бұл хабта «Aliexpress», «Amazon», «Temu», «Ozon», «Pinduoduo» секілді ірі интернет алаңдары ашылады деп күтілуде. Бұл тауар айналымының көлемі мен жылдамдығын арттырады.

Кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру

Облысымызда электронды сауданы дамыту мақсатында кәсіпкерлерге оқыту шаралары ұйымдастырылуда. 14,8 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Террикон алқабы» базасында тренингтер өткізілуде.

Мысалы:

— 2024 жылы 30 мамырда Wildberries компаниясы «Электронды сауда және маркетплейспен өзара әрекеттесу» тақырыбында оффлайн форматта тренинг өткізіп, 112 адамды оқытты.

— TEEZ компаниясы да «Террикон алқабы» платформасында оқыту жұмыстарын жүргізуде.

Электронды сауданы дамыту және отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл – Қарағанды облысының экономикасының жаңа драйвері болуға үлкен мүмкіндік береді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»