Елді жаңғыртудың жаңа кезеңі
Құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Президенті елді ауқымды жаңғыртуға бағытталған жаңа ұзақ мерзімді стратегияны таныстырды. Бұл бастама мемлекеттік биліктің барлық тармағын – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесін қамтып, орталық және өңірлік деңгейде кешенді өзгерістерді көздейді.
Реформалардың негізгі бағыттарының бірі – парламенттік реформа. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл қадам бұған дейін жүргізілген өзгерістердің, соның ішінде президенттік билікті жаңғырту реформасының заңды жалғасы болмақ. Парламенттік реформа – мемлекеттік билік жүйесін трансформациялаудағы ең жауапты кезеңдердің бірі. Ол ел тағдырына тікелей әсер етеді және қоғамның барлық қабатында терең талқылауды талап етеді. Сонымен қатар Конституцияның бірқатар нормасын қайта қарау, институционалдық тетіктерді жетілдіру, заң шығарушы биліктің құрылымын алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сай жаңарту қажеттігі атап өтілді. Мемлекеттік жүйенің дамуы мен азаматтардың саяси мәдениетінің өсуін ескере отырып, Президент бұл аса маңызды мәселені бүкіл халықтық талқылауға шығаруды ұсынды. Өткен отыз жыл ішінде Сенат елдің тұрақты дамуына зор үлес қосып, мемлекеттік құрылыс жолындағы маңызды тарихи миссияны абыроймен атқарды. Жоғарғы палата заң шығару үдерісінің де, өзге де ауқымды реформалардың сенімді кепілі болды. Алайда қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында басқару жүйесін заман талабына бейімдеу қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде әлем жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Халықаралық қатынастардағы шиеленістер мен қақтығыстардың артуы мемлекет ішінде де билік институттарын жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыда президенттік институтты реформалау да өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы барлық Жолдауында азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тартуға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта Халық кеңесін құру ұсынылды. Бұл – қоғамның өзекті мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге бағытталған жоғары консультативтік орган болмақ. Халық кеңесінің құрамына 126 адам енеді. Этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және қоғамдық ұйымдардан 42 өкілден. Кеңес отырыстары жылына бір рет өткізіледі. Саяси жүйені жаңғырту аясында тағы бірқатар маңызды өзгерістер көзделіп отыр. Қазақстанда Президент тағайындайтын вице-президент лауазымы енгізіледі, ал мемлекеттік кеңесші қызметі жойылады. Жаңа бір палаталы Парламент бес жыл мерзімге сайланады. Оның құрамында 145 депутат және 8 комитет болады. Депутаттар партиялық тізім бойынша сайланып, президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасынан бас тарту ұсынылады. Бұл өзгерістер саяси партиялардың рөлін күшейтеді. Парламентке өту үшін белгіленген бес пайыздық шек сақталады. Осыған байланысты депутаттар мен барлық деңгейдегі қоғамдық белсенділерге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеті жүктеледі. Ұсынылған реформалар ел дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның әлеуетін нығайтады деген сенім мол.
Қадиша ОСПАНОВА,
Қарағанды облыстық мәслихатының
әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау
жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы

