Елді қандай саяси өзгеріс күтіп тұр?

Еліміз үшін 2022 жылы саяси жаңғыртулар мен реформоларға толы жыл болды. Ал, 2023 жылдан не күтеміз? Қазақстанды қандай саяси өзгерістер күтіп тұр? Бұл сауалдарға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің «Телеграм» желісіндегі жеке парақшасында жауап берді.

Мемлекеттік кеңесшінің жазуынша, биылғы жылдың саяси күн тәртібін Президент белгілеген саяси реформалар векторы айқындайды. Ең алдымен Ата заңымызды жаңарту үшін өткізілген референдум қорытындыларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тауып, жаңа институт – Конституциялық сот жұмысы жасталады. Бұдан бөлек, 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне де бірқатар жаңа өзгерістер енгізілмек.

«Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталды. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби әрі тұрақты негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау рәсімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасын табады. 14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарын сайлау өтеді. Содан соң бірінші жартыжылдықта саяси жүйені ілгерілемелі қайта жүктеудің президенттік жоспарына сәйкес Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтуі тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн», — дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, биылдан бастап пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады.

«Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғаспақ. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Осылайша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Ең бастысы – Президенттің жаңғырту бағдарламасын үдемелі іске асыру жалғасуда. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі», — деп түйінлелі Ерлан Қарин.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»