Ел үмітін ақтаған жерлестер

Таиланд астанасы Бангкокта шаңғы роллерінен Азия Кубогының алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Бұл жарысқа Мексика, Оңтүстік Корея, Филиппин, Моңғолия, Малайзия, Таиланд және Қазақстаннан келген спортшылар қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 17 спортшы бар. Соның ішінде Қарағандыдан барған екі спортшы да ел үмітін ақтап, жүлделі орындарға ие болды.

Классикалық стильдегі 1 300 метрге спринт жарысында Евгения Вадутова екінші орын алып, күміс медаль иеленсе, Диляра Бейсекеева үшінші орыннан көрініп, қола жүлдені қанжығасына байлады.

– Бұл қарағандылық қыздар бұған дейін де ел чемпионаттары мен түрлі республикалық жарыста өздерін жақсы қырынан көрсеткен еді. Енді міне, шаңғы роллерінен де жоғары нәтиже көрсетті, – дейді қысқы спорт түрлерінен Олимпиадалық даярлау орталығының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Максим Щербаков.

Алда Азия Кубогының тағы екі кезеңі бар. Оның бірі Оңтүстік Кореяда өтсе, екіншісі Қазақстанның Щучинск қаласында ұйымдастырылады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»