Екпе — денсаулық кепілі
Вакцинация — инфекциялардан қорғаудың және адам өмірін құтқарудың қауіпсіз және тиімді әдісі.
Вакцинация — медицина ғылымының миллиондаған адам өмірін құтқаратын күмәнсіз жетістігі. Вакцинация бүкіл әлемде жүргізіліп жатыр. Вакцинацияның адам денсаулығы мен өмірін сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін бұрын қандай қорқынышты өлім аурулары болғанын еске түсіру жеткілікті. Оба, қара шешек індеттері бүкіл құрлықты қамтыды. Кей елде тұрғындар көбінесе толығымен жойылды. Қазір бұл аурулар іс жүзінде кездеспейді. Барлық елде жасалған профилактикалық екпе адамзатты осы қорқынышты инфекциялардан құтқарды. Қазіргі уақытта дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, паротит, полиомиелит, тұмау және т.б. 20-дан астам аурудан қорғануға арналған вакцина бар.
Вакцинопрофилактика өмір сүру ұзақтығының артуына, бала өлімінің төмендеуіне айтарлықтай ықпал етеді. Вакцинация жасына қарамастан бәріне қажет. Қазір көптеген адам балалық шақта бір рет жасалған көптеген вакцинацияны өмір бойы қайталау керек екенін білмейді. Вакциналанған адамдардың есебінен ұжымдық иммунитет қалыптасады, осы арқылы инфекцияның таралуына және эпидемияның пайда болуына тосқауыл қойылады.
Әсіресе баласын вакциналауға келіскен немесе келіспейтін ата-аналарға жүгінгіміз келеді, себебі көптеген адам кейбір инфекция сирек кездеседі және қауіп төндірмейді, ал вакцинация аурудың өзінен гөрі қауіпті деп санайды. Алайда көкжөтел немесе дифтериямен ауыратын баланы көрген ата-аналарда мұндай мәселе туындамас еді, өйткені вакциналанбаған балада ауру едәуір қиын өтеді, аурулар ауыр асқынулар тудырады, кейде өлімге де әкеледі.
Әрбір адамның екпе алуы жұқпалы аурулардың алдын алу және өмірін қорғауда үлкен маңызға ие. Халықаралық байланыс, туризм, еңбек миграциясы дамыған қазіргі әлемде кез келген жұқпалы аурудың таралу қаупі өте жоғары. Ондаған миллион адам өмірін қиған тырысқақтың, табиғи шешектің, обаның жойқын эпидемиясы тарих есінде. Сондықтан адамдар жұқпалы аурулардан дұрыс қорғану тетіктерін ертеден іздеуге тырысқан. Екпелер медицинаның қазіргі даму этапында нәтижелі емі табылмаған ауруларға қарсы жасалған.
Тарих — денсаулық сақтау шеңберінде сырқаттану мен өлім-жітім деңгейін екпе сияқты қауіпсіз әрі дереу төмендететін ештеңе жоқ екенінің дәлелі. Сондықтан жұқпалы аурулардың алдын алу денсаулық сақтау жүйесінде басты бағыт болып қалады. Алайда екпенің нәтижелілігі екпемен уақытылы және толық қамтылуға байланысты.
Екпеден жаппай бас тарту әлемнің түрлі елінде қауіпті эпидемиялық салдарларға алып келді. Екпенің нәтижелі бағдарламасы арқасында әлемнің көптеген елі жұқпалы аурулардың кенеттен пайда бола кететін әрі жаппай етек алатын салдарын сезінген емес. Осының нәтижесінде халық арасында мамыражай тірлік орнады.
Сырқаттану деңгейі төмен уақытта кей адам екпені аурудың өзінен қауіпті деп есептейді. Қазіргі кезде бұл жағдай біздің мемлекетте де орын алған және халықтың бұқаралық ақпарат құралдарынан ғылыми дәлелі жоқ ақпараттар алуы салдарынан өршіп келеді.
Әр мемлекетте халық арасында жаппай алдын ала екпе жүргізілуін қарастыратын Ұлттық күнтізбе қолданылады. Қазақстан Республикасының осындай Ұлттық күнтізбесінде 11 түрлі жұқпаға қарсы алдын ала екпе жүргізіледі, олар: В гепатиті, туберкулез, күл, сіреспе, сал, қызылша, қызамық, көкжөтел, эпидемиялық паротит, пневмококкты және гемофильді инфекция.
Егер де сіз бүгінге дейін егілмеген болсаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі емханаға жүгініңіз.
Екпе барлық халыққа бірдей тегін әрі қолжетімді
Екпеден бас тартпаңыздар, өздеріңізді және жақындарыңызды, балаларыңызды жұқпалы аурудан тек екпе арқылы ғана сақтайсыздар.
Беркімбаева Жанар Жаркенқызы, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялықэпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы