ЭКОНОМИКАНЫҢ ЕРТЕҢІ ПАНДЕМИЯҒА ТӘУЕЛДІ

2020 жыл жаңалықтарға бай уақыт болғаны рас. Ең ірі өзгерістер экономика саласында орын алды. Әлемдік мемлекеттердің экономикасы әлі де қиын-қыстау кезеңді өткеруде. Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Алдағы уақытта бізді не күтіп тұр? Қаржы сарапшыларының болжамы қандай? Бұл туралы қаржы саласының маманы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Қаржы» кафедрасының оқытушысы Азамат Жансейтовтан сұрап білдік.

— Ел экономикасына, курс бағамдарына қоғамда болып жатқан оқиғалар қалай әсер етеді?
— Экономика да, курс бағамдары да қоғамда болып жатқан оқиғаларға тікелей тәуелді. Қоғамдағы атмосфера тұрақты және бірқалыпты болса, басқа елден инвестициялар тартуға болады. Себебі, инвесторларға өздері салған қаражатты және берілетін табысын алуына кепілдік болады. Мысалы, латын Америкасы елдеріндегі жұмыскерлердің ереуілдері және қоғамда орнаған жағдайға байланысты валюталары құлдырап, экономикаларын қиын жағдайға соқтырған.
— Бір ғана елдегі жағдай қаржы саласына зор ықпалын тигізді дейсіз. Ал, әлемдік пандемия кезінде доллар бағамы қанша пайыз өсті? Еліміздің экономикасы қалай өзгерді?
— 2020 жылдың ақпан айында шамамен 380 теңге тұратын 1 АҚШ доллары сол жылдың наурыз айында 435 теңгеден асқан болатын. Осы кезде АҚШ долларының құны 10-15 пайыз көлемінде өскен. Сонымен бірге, 2019 жылы бізде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімі 4,5%-ды көрсетті. Соңғы жылдар үшін бұл рекордты көрсеткіш болған еді. Бірақ, пандемияға байланысты ЖІӨ мүлдем құлдырап кетті: тамызда бұл көрсеткіш минус 3%-ға дейін түсіп кеткен еді. Дегенмен, экономиканың қайта аяққа нық басуына орай, бұл тенденция тежеледі деген ойдамын. Дағдарыстың айқын көрінісі ретінде осыны айтуға болады. Алдағы уақытта тежелу процесі жалғасын табады деген ниеттемін. Менің болжауымша, осы жылы айтып отырған ЖІМ индексі минус 2%-дың айналасында болады.
— Алдағы уақытта, пандемиядан кейін ел әлеуеті қалай болады, курс бағамы қалай өзгеруі мүмкін?
— Салыстырмалы түрде қарасақ, біздегі жағдай айтарлықтай қорқынышты емес. Бірақ, мұның өзінде арқаны кеңге салып отырудың қажеті жоқ. Әрине, Қазақстанда бәрі бірден қалыпқа келе салмайды. Мәселен, өткен жылы аурудың кесірінен қаншама адам ажал құшты, олардың көбі еңбек жасындағы азаматтар еді. Экономикалық тұрғыдан да алып қарасақ, бұл – орны толмас жағдай. Себебі, олар ел әлеуеті үшін әлі де еңбек сіңіруге қабілетті азаматтар еді. Сондықтан, олардың орнын бір жылда толтыруға болады деп айту – әбестік. Курс бағамдарына келсек, басқа елдердің осы дерттен қалай шығуы да өте қатты әсер етеді. Себебі, импорт және экспорттың мемлекетіміздің валютасына ықпал етені анық, бұл экономиканың негізгі қағидаттарына байланысты.
— Теңгенің болашағы қалай болмақ? Оң өзгерістер болуы үшін не істей аламыз?
— Теңге бағамы қандай болатынын болжап білу мүмкін емес. Оған себеп – Ұлттық банктің жүргізіп отырған түсініксіз саясаты. Сонымен қатар, теңгенің бағамы нарықтық болмауы да нақты болжам жасауға қиындық келтіреді. Мәселен, Еуразиялық даму банкі 2021 жылға Қазақстанның экономикалық өсімі 4,4%-ды құрап, инфляция деңгейі 5,3%-ға дейін баяулайтынын айтып отыр. Әлем мемлекеттерінің мұнайға деген қызығушылығының қайта артуына байланысты алдағы жылы доллардың орташа бағамы 423,8 теңгені құрайды деген болжам бар. Теңгемізді нығайту үшін біраз жұмыс жүргізу қажет. Атап айтсақ, әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың жағдайын жақсарту; жаңа мамандықтардға қызығушылықты артттыру; шағын және орта бизнесті дамыту; басқа елдермен сауда-саттықты ұлғайту сынды жұмыстар жасалынса, теңгенің құны бірнеше пайызға артады деп ойлаймын.

Ақторғын ДАРХАН