Экологиялық акция

Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы «ТАЗА QAZAQSTAN» республикалық экологиялық акциясы аясында «ЭкоЖастар: Болашақ – біздің қолымызда» тақырыбында қала жастарына арналған оқыту тренингін өткізді. Аталған тренингте экологиялық бағыттағы пайдалы ақпараттар айтылды.

Тренинг жастардың экологиялық мәдениеті мен белсенділігін арттыруға, экологиялық түсінігін қалыптастыруға бағытталды. Оның барысында қатысушылар түрлі шараны экологиялық тұрғыдан тиімді ұйымдастырудың және өткізудің қыр-сырын үйренді.

– Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы қала жастарының қатысуымен, «Экожастар, болашақ біздің қолымызда» атты тақырыпты семинар тренинг өткізді. Тренингтың спикері экосаяхатшы, эко тренер және де салауатты өмір салтын ұстанушы Дамир Кәрімов болды. Шара жастардың экологиялық мәдениетін, түсінігін қалыптастыруға арналды, – деді Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Сабина Жұмажанова.

Спикер экологиялық саладағы өз тәжірибесімен бөлісе отырып, эконетворкингтың мақсаты мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ, экологиялық шараларға дайындық барысы қалай жүргізілуі керек және оларды өткізуде қандай жайттарға баса назар аудару қажет екені де түсіндірілді. Шараларды, атап айтқанда, акцияларды, әлеуметтік байқаулар және марафондар мен мастер-класстарды, дәрістерді ұйымдастыру барысында қоршаған ортаны ластамау, оған зиянды әсер тигізбеу, экологиялық ресурстарды үнемді және дұрыс пайдалану жолдары егжей-тегжейлі қарастырылды.

– Жалпы экологиялық шаралардың өткізілуі мен қоршаған ортаға зияның тигізбей, оны ластамай, экологиялық тұрғыда тиімді өткізу жайы таныстырылып, үйретілді. Аталмыш акция алдағы уақытта да жиі өткізіледі, – дейді Сабина Жұмажанова.

Жалпы, семинар-тренинг тақырыбы аясында экологиялық сауаттылықты арттыруға негізделген барлық мәселе қамтылды. Қазіргі таңдағы экологиялық ахуалды ескерсек, жастардың қоршаған ортаны сақтау және экологиялық проблемалар туралы көкжиектерін кеңейтуде мұндай экологиялық шаралардың алар орны мен маңызы зор. «ТАЗА QAZAQSTAN» республикалық экологиялық акциясы бастау алғалы бері Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 20 мыңнан астам жастың қатысуымен 100-ден аса экологиялық шара өткізілді. Онда 650 түп ағаш көшеті отырғызылып, 1 500 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Бұл бағыттағы шаралар бұдан кейін де өз жалғасын таба бермек.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                         

«QH»