Экологиялық ахуал жақсарады

«Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20%-дан 38%-ға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70%-дан 40%-ға дейін төмендейді деп жоспарлануда. Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті».

Бұл – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Асқар Маминнің биылғы 1 қарашада Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіндегі мәлімдемесі.

Дегенмен Қазақстан әлемдік экологиялық рейтинг сараптауында климаттың өзгеруінің тиімділік индексі бойынша соңғы орында тұр. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған орасан зор инвестицияларға қарамастан, біз жан басына шаққандағы парниктік газ шығарындылары бойынша көш басындамыз. Бұл дегеніміз – басқа елдерге қарағанда жаһандық жылынуға көбірек әсер етудеміз деген сөз. Қазақстан экологиялық ахуалды жақсартуға 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 118,9 млрд теңге бөлсе, өткен жылы осы қажеттілік бойынша 115,9 млрд теңге жұмсалған. Яғни жылданжылға бұл бағытта бөлінер қаржы көлемі артуда. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Сарапшылар болса «Қазақстандағы климаттық өзгерістердің салдарынан жер шөлейттеніп, биологиялық алуандыққа нұқсан келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде әлеуметтікэкономикалық дамуға әсер етпей қоймайды» деп дабыл қағуда. Біздегі парниктік газ шығарындыларының басым үлесі энергетика саласына тиесілі. Залалды шығарындылардың 40%- дан астамын осы сала бөледі. Жылу және электр энергиясын өндіру үшін көмір қолданып отырмыз. Осындай өндіріс ошақтарының басым бөлігі біздің өңірге де тиесілі. Бізде өндіріс залалы өз алдына, қарқын алған құрылыс салдарынан да көк желек көптеп оталуда. Бұл өз кезегінде атмосферадағы тепетеңдік балансының бұзылуына себеп болары анық. Бізде «бір тал кессең – он тал ек» қағидасы қолдау таппай тұр. Ал Қазақстан жалпы ішкі өндіріске шаққандағы парниктік газ шығарындыларының үлесі бойынша әлемдегі ең лас бес елдің қатарында. Салыстырмалы түрде халқы аз ел болсақ та, климаттың нашарлауына ең көп үлес қосқан 20 елдің біріміз. Біздегі климаттық күрделі мәселені кез келген саналы азаматтың сараптамасыз да аңғаруына болатынын айтқан танымал эколог Дмитрий Калмыков оны қарапайым мысалдармен жеткізді:

– Қақаған қыс ортасында жаздағыдай жаңбыр жауады. Күтпеген жерден құрғақшылық болады немесе су тасқыны орын алады. Біздегі ауа тым құрғақ та, аптап ыстық та емес. Бірақ астықтың өнімділігі өзгерген. Табиғатты жай ғана бақыласаңыз, шұғыл шара қолдану керектігін көресіз. Қазақстанда жылыну процесі қазірдің өзінде басқа елдерге қарағанда жылдам жүріп жатыр. Демек, құрғақшылық, су тасқыны, табиғи апаттар жиілейді. Астық аз жиналып, мал өнімділігі күрт түседі. Себебі энергетика мен өндірісте, мысалы болат өндірісінде, біз негізінен қазба отынын пайдаланамыз. Ол көп көміртегі мен метан қалдықтарын ауаға бөледі.

Экологтердің айтуынша, Қазақстанда парниктік газ шығарындылары өсіп келеді. Болжамдарға сәйкес, 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін Қазақстанға шамамен 630 миллиард доллар инвестиция қажет болады. Бұл орайда климатты қорғау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы маңызды. Баламалы энергетиканы дамыту керек деп те жиі айтылады. Қоршаған ортаға қорған болудың бір амалы ретінде Орталық Қазақстанға газ келді.

Еуропа елдері қазірдің өзінде көміртек салығын енгізіп жатыр. Яғни болашақта қазақстандық тауар экспорттаушылар да өндірісінде мұнай немесе көмір пайдаланғаны және парниктік газды тым көп шығарғаны үшін ақша төлейтін болады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
QH.