Экоакция жалғасын тапты

Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Осы бастама аясында полиция қызметкерлері мен еріктілер қала аумағындағы есірткіге қатысты жарнамаларды өшіріп жатыр. Жастарда бұл игі іске ат салысып, акцияға қатысушылардың жұмыстарымен танысты.

Ажар Қасым – студент және еріктілер клубының белсенді мүшесі. Ол да әріптестерімен бірге «Таза Қазақстан» акциясына қатысты. Оның айтуынша, адамдардың жеңіл әрі тез ақша табуға деген құштарлығы көбінесе ұзақ және қиын жағдайларға әкеліп соғады. Ал есірткі қолдану адам өмірін айтарлықтай қысқартады. Сол себепті еріктінің ойынша, мәселені алдын ала шешкен жөн, себебі оның салдарымен күресуден гөрі алдын алған тиімдірек.

– Еріктілер үнемі осындай шаралардан құр қалмайды. Көп жағдайда волонтерлық ұйымдарда акцияны өздері ұйымдастырады. Жалпы есірткіге жаман көзқарастамын, ондай дүниеден аулақ болған дұрыс. Болашақ жастардың қолында болмақ, сол үшін де есірткіге жол жоқ, – дейді ерікті Ажар Қасым.

Жыл басынан бері Оңтүстік-Шығыс секторында заңсыз есірткі жарнамаларын анықтап, жоюға бағытталған 40-қа жуық рейд өткізілді. Еске сала кетейік, есірткіні жарнамалау, сақтау және тарату үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда есірткіге тәуелді 18 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Алайда Ішкі істер министрлігінің болжамы бойынша, шынайы көрсеткіштер ресми деректерден 5-6 есе жоғары болуы мүмкін. 2018 жылы құқық қорғау органдары 20 тоннадан астам есірткі заттарын тәркілесе, өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 41 тоннаға дейін өсті.

– Жыл басынан бері Оңтүстік-Шығыс секторында 40-қа жуық рейд өткізіліп, есірткі жарнамасының 5000-ға жуығы өшірілді. Бұл тек полицияның жұмысы емес. Мұнда азаматтармен, еріктілер ұйымдарымен бірлесіп әрекет ету маңызды. Бұл ең алдымен біздің балаларымыздың болашағы үшін керек. Есірткі жарнамаларын өшіру – болашақта қылмыстардың алдын алудың бір тәсілі, – дейді Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі бастығының орынбасары Сұлтан Смағұлов.

Бүгінгі таңда есірткінің таралуымен арнайы қызмет айналысады. Полиция осы қызметке қатысы бар адамдарды ойлануға және оның салдарын түсінуге шақырады. Ал қалған азаматтардан тез және оңай ақша табуға ұмтылмауды сұрайды, себебі бір ғана қателік өміріңіздің құны болуы мүмкін.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»