Эко-инновация университет алаңында
Қарағанды техникалық университеті жасыл технологияларды білім беру процесіне енгізуді жолға қойған ерекше жобасын таныстырды. Университет алаңында Германияда өндірілген шағын биогаз қондырғысын көрсетуге арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оның білім беру мен ғылыми ортада қолдану мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Жоба Creative Innovation Institute – Орталық Азияның тұрақты даму қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылып отыр. Қор Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігі – DEInternational Kasachstan өткізген ашық конкурстық іріктеудің жеңімпазы болып, университет аумағына орнату үшін Германияда өндірілген nOa One M шағын биогаз қондырғысын алуға мүмкіндік алды.
Бұл бастама жоғары білім беру жүйесінде тұрақты дамудың практикалық үлгісін қалыптастыруға бағытталған. Жоба оқу, қолданбалы ғылыми зерттеулер және заманауи экологиялық технологияларды біріктіретін университеттік инфрақұрылымның маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Яғни, биогаз қондырғысы тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен бірге болашақ мамандарды даярлаудың жаңа форматы ретінде қызмет етеді.
Шағын биогаз қондырғысы жылына 7 тоннаға дейін органикалық қалдықтарды өңдеп, тәулігіне 2 м³-ке дейін биогаз өндіруге қабілетті. Сонымен қатар, оның жұмысы жыл сайын 18 тоннаға дейін CO₂-эквивалентіндегі ілеспе газдардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Ал алынған дигестат университет кампусы мен оқу нысандарын көгалдандыруға пайдаланылып, химиялық тыңайтқыштарды алмастыру арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетеді.
Жобаның басты ерекшелігі – оның білім беру және цифрлық интеграциясы. Биогаз қондырғысы инженерлік, экологиялық және ESG бағытындағы пәндер бойынша оқу-демонстрациялық объект ретінде қолданылады. Сонымен қатар, ол цифрлық білім беру құралдарымен және авторлық PLATON 5D әдістемесімен біріктіріліп, университет базасында «тірі зертхана» (living lab) форматындағы тәжірибелік алаң құруға мүмкіндік береді.
Орталық Азия бойынша Тұрақты даму және ESG орталығының басшысы Александра Харитонова жобаның мәні мен жүзеге асу барысын егжей-тегжей баяндады. Ол өз сөзінде Германиядағы қалдықтарды басқару жүйесімен танысу тәжірибесін бөлісті:
– 2024 жылдың соңында біз Германияның Дюссельдорф қаласы мен жақын өңірлерінде тағам және ауылшаруашылық қалдықтарынан электр және жылу энергиясын өндіретін биогаз технологиясының жұмысымен таныстық. Бұл тәжірибе Қазақстан жағдайында да мұндай жобаларды іске асыруға болатынын көрсетті, – деді ол.
Нәтижесінде, 2024 жылдың желтоқсанында шағын биогаз қондырғысы университетке жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қондырғы өндірістік емес, демонстрациялық прототип ретінде пайдаланылады. Алғашқы кезеңде асхана қалдықтары пайдаланылып, тәулігіне шамамен 20 кг жүктеме жоспарланған. Қондырғы бір газ плитасының жұмысын қамтамасыз ететін қуатқа ие.
Жоба аясында жыл сайын 400-ден астам студент пен мектеп оқушысын білім беру және демонстрациялық іс-шараларға тарту көзделіп отыр. Бұл Қарағанды өңірінде жасыл экономика мен тұрақты технологиялар саласындағы кадрлық әлеуетті арттыруға елеулі үлес қосады. Сонымен қатар университет студенттері, әсіресе инженерлік және электромеханика бағытында оқитын жастар үшін бұл тәжірибелік алаң жаңа білім алу мүмкіндігі.
Игі бастама Мемлекет басшысы атап өткен экологиялық шешімдерді дамыту және климаттық күн тәртібінде білім берудің рөлін күшейту басымдықтарымен үндеседі. Жоба Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық саясатының басымдықтарына және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына толық сәйкес келеді.
Дөңгелек үстелге Германия мен Қазақстан сарапшылары, Қарағанды облысының профильді мемлекеттік органдарының өкілдері, университет қауымдастығы қатысты. Германия тарапынан жобаның маңыздылығы ерекше атап өтілді. Германияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілі Хайко Болльвинг бұл жоба экологиялық технологияларды енгізу мен тәжірибе алмасудың нақты үлгісі екенін, сондай-ақ екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті нығайта алатынын айтты.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

