ЕКІ ЕЛДЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛАТЫНДАР АНЫҚТАЛДЫ
Соңғы уақтта өңір тұрғындары сотқа жиі жүгінетін болған. Өткен алты айда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Фемида қызметкерлеріне өтініштер саны 14%-ға артқан. Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Шахатбек Әбдіровтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 23 мыңға жуық арыз түскен.
— Әрине, мұндай өсімнің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Негізгі факторлар – рұқсат етілмеген кәсіп мәселелері мен несиелер. Ал, 6,5 мыңнан астам шағым – неке-отбасы құқықтық қатынастардан туындайтын кикілжіңдер себебінен. Жеті мыңға жуық сот ісі шарттық міндеттемелерге қатысты дауларға байланысты. Бұл қарағандылықтардың отбасылық қарымқатынастарының жай-күйін, сондай-ақ халық пен нарық субъектілерінің төлем қабілетсіздігі қаупінің артуын көрсетеді, — деді Шахатбек Әбдіров.
Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта ғана екі коллекторлық агенттіктен Қарағанды облысының сотына халықтың кредиттік міндеттемелері бойынша берешекті өндіріп алу туралы 850-ден астам талап-арыз келіп түскен. Сот тек 133 істі қарады, қалғандары бойынша борышкерлермен сотқа дейінгі жұмысты жүргізу және дауды бейбіт жолмен шешуге қол жеткізу қарастырылуда.
— Жарты жыл ішінде 2410 іс екіжақты келісім жолымен шешілді. Әрине, істі қарау кезінде қателіктер жіберіледі. Сот актісінің күшін жоюдың немесе өзгертудің арғы жағында біреудің өмірі, тағдыры тұрғанын түсінеміз. Бірақ, мұндай жағдайлар сирек болады. Жыл басынан бері қаралған істің 145-інің шешімі жоққа шығарылып, 94-і өзгертілген, — деп атап өтті ол.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы құрметті демалысқа шыққан азаматтардың құқықтарын қозғайтын істерге тоқталды. Кейбір айлакер азаматтар бір уақытта екі елдің бюджетінен зейнетақы төлемдерін алады екен. Бұл көбіне Ресей Федерациясының азаматтығын алғандар арасында кездеседі. Шахатбек Әбдіров атап өткендей, сот алқасы дәл осындай бірнеше істі қараған.
— Несие берешегін өндіріп алу жөніндегі мәселелер әлі де түсініксіз. Өкінішке қарай, банктер мен басқа кредиторлар үшін осындай жағдайларға тыйым салатын заңнамалық акт қабылданбаған. Сот бұл даулы мәселені мүмкіндігінше әділ қарауға тырысады. Банктің әлеуметтік компонентін түсінеді. Бірақ, бұл жағдайда екі жақты пікір ескерілуі тиіс. Адамдар несие аларда, келешегін ойламайды. Қарыз алушы бұл жағдайды сотқа жеткізбей, өзіне жауапкершілік алуы тиіс деп ойлаймын, — деді Фемида қызметкері.
Өз кезегінде Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов жарты жыл ішінде облыс соттарына 1128 қылмыстық іс келіп түскенін айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың бірінші жарты жылдық кезеңімен бірдей.
— Жеке адамға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық істердің саны төмендегені байқалады. Ал, отбасы мен кәмелетке толмағандарға қарсы, денсаулық пен діни көзқарастарға байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар саны, керісінше, артқан. 916 адамға қатысты 782 іске үкім шығарылған. 887 адам сотталды, — деді ол.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.