Екі қаланы байланыстырар жаңа пойыз

Қарағанды мен Астана арасындағы жолаушылар тасымалы жаңа сапа деңгейіне көтерілді. Екі қала арасында Comfort+ санатындағы жаңа электр пойызы жүре бастады. Бұл – жайлылығы жоғары, заманауи еуропалық стандарттарға сай келетін вагондармен жабдықталған көлік түрі.

Жаңа бағыт — тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар қолжетімділік пен инклюзивтілік қағидаттарын ұстанған әлеуметтік маңызы бар жоба. Пойыз барлық жолаушылардың, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтардың да ыңғайлы әрі қауіпсіз қатынауына бейімделген.

Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, пойыз алты вагоннан тұрады және 576 жолаушыға арналған. Әр вагонның ішкі дизайны — заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.

Ең басты ерекшеліктерінің бірі – әрбір орынның USB-ажыратқыштармен жабдықталуы, бұл жолаушыларға мобильді құрылғыларын еш қиындықсыз қуаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жол бойы жеңіл ас пен сусын қажет болған жағдайда арнайы вендинг автоматтары орнатылған.

Жаңа құрамда қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған барлық жағдай қарастырылған. Автоматты жылжымалы баспалдақтар арқылы мүгедектігі бар адамдар вагонға еш кедергісіз кіре алады. Әр вагонда арнайы биодәретханалар мен ыңғайлы кабиналар да орнатылған, бұл олардың ұзақ жолда өздерін жайлы сезінуіне сеп болады.

Жаңа электр пойызы экологиялық таза көлік түрі ретінде де маңызға ие. Оның қозғалысы шу деңгейінің төмендігімен және энергия үнемдеуші технологиялармен ерекшеленеді. Бұл — жолаушыларға жайлы ғана емес, қоршаған ортаға зияны аз қатынас жолы.

Жаңа пойыздың жолға шығуы – аймақаралық байланысты күшейтіп қана қоймай, жолаушылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Алдағы уақытта мұндай құрамдардың басқа өңірлерге де қатынайтынына үміт мол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»