ЕГІСТІК НАУҚАНЫ АЯҚТАЛДЫ

Ауылшаруашылығы – ел экономикасының драйвері. Аймақ диқандары егін егу науқанына қызу дайындықпен келіп, биылғы алтын күзде берекелі өнім алуға үмітті. Қарағанды облысында егіс науқанының қорытындысы жарияланды.

Биыл жаңбырдың салдарынан егістіктердегі жұмыс маусым айының ортасына дейін созылды. Қазір көшеттердің жағдайы бағалануда. Еш қауіп жоғын, ылғалдың жеткілікті мөлшері оң әсер тигізгенін мәлімдеді аппараттық жиналыста Қарағанды облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Саят Мусин.

– Биыл егіс алқабы 1 млн 91 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,2 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 908,7 мың гектарға егілді. Картоп 12 мың гектарға, көкөніс 994 гектарға егілді.

Аталған басқарма басшысы алқаптардың құрылымы өзгергенін тілге тиек етті. Дәнді және майлы дақылдар алқаптарын қысқарту есебінен мал азығына арналған біржылдық және көпжылдық шөптердің егістері ұлғайды.

Биыл минералды тыңайтқыш қолдану айтарлықтай өсті. Тұқымның әртүрлілігін жаңартуға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта шаруаларға қосымша субсидиялар бөлінді. Егіс жұмыстары үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілер арзандатылған дизель отынын алды.

Басқарма басшысы Саят Мусиннің айтуынша, дәнді дақылдардың 98%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгей көрсетуде. Ал шілде айында, синоптиктердің болжамынша, жаңбыр жауады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев өсімдіктердің зиянкестерімен және ауруларымен күресуге тиісті көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ ауылшаруашылығы жануарларына арналған жемшөптің уақытылы дайындалуын бақылау қажет. Қазірдің өзінде техниканы егін жинау науқанына дайындаумен айналысу керек. Астық, картоп және жиналатын көкөністі қабылдау үшін қоймаларды қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынды.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»