Егістік алқаптарын әртараптандыру

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Ауылшаруашылығы дақылдарының жаздық егісі биыл 1 миллион 188 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға ұлғаяды. Өңіріміздің егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша нақты қадамдар жасалуда. Дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғайып, суармалы жерлерді игеру жұмыстары күшейтілуде. Осы және басқа да мәселелер жайлы Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында айтылды.

Бүгінде диқандар көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты пысықтап жатыр. Алдын ала тұқым қоры да жинақталған. Жалпы алғанда, дәнді дақылдар тұқымының 109,4 мың тоннасы дайындалған.

– Біз биыл әртараптандыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Майлы дақылдардың егіс көлемі 46,7 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8 мың гектарға көп. Ал мал азықтық дақылдардың көлемі 40,1 мың гектарға артып, 171,6 мың гектарды құрады. Бұл шаралар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында қолға алынды, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Көктемгі егіс жұмыстары уақытылы басталуы үшін, сапалы тұқым мен тыңайтқыштың маңызы зор. Қазіргі таңда тұқым сапасын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Минералды тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесі де қарастырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі 60% дейін субсидиялау механизмін уақытылы енгізіп, нәтижесінде 60 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 93 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

– Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ауылшаруашылығы техникалары мен тыңайтқыштарға бөлінген қаражат уақтылы игерілуде. Бүгінгі таңда 591,1 миллион теңге екі отандық зауытқа аударылды. Бұл ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің уақытылы тыңайтқыш алуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Саят Мусин.

Аймақта суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Бекітілген 77 мың гектар жердің 48,6%-ы пайдаланылады. Ал биыл суармалы жерлер көлемін тағы 8,7 мың гектарға ұлғайту көзделген. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану – өнім көлемін арттырудың негізгі жолы. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техникалар дайын. Қазіргі уақытта тракторлардың дайындығы 93,2%-ды құрайды. Ал себу кешендерінің дайындығы 98,2%-ға жеткен. 17,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, көктемгі науқанға қажетті отынмен қамту жұмыстары жүргізілуде.

– Биыл көктемгі егіс жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, техникалардың дайындығы – бәрі бақылауда. Жұмыстар ауа райына байланысты сәуірдің соңында немесе мамыр айының басында басталады, – дейді басқарма басшысы Саят Мусин.

Ауылшаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Биыл 4 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік субсидия қарастырылған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша 3 млрд 388 млн теңге көлемінде қаржыландыру жүргізді. Ал жыл басынан бері 10 жобаға 555 миллион теңге бөлінді. Осылайша, көктемгі дала жұмыстары қарқын алып, облыста ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда. Егіс науқанының сапалы өтуі өнімнің мол әрі сапалы болуына негіз қалайды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»