«ЕңбекLife»: Жастар мамандық әлеміне саяхат жасады

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі мен «Сарыарқа дарыны» балаларға  қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 25 сәуірінде «Кәусар» оқушылар сарайында ерекше интеллектуалды сайыс өтті. «Жұмысшылар мамандығы» жылы аясында өткізілген «ЕңбекLife» облыстық квест-ойынына аймақтың әр түкпірінен келген 9-сынып оқушыларынан құралған 8 команда қатысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың «Көркем еңбек» пәні бойынша білімдерін тереңдету, жүйелеу және бекіту, сондай-ақ оларға кәсіби бағдар беру болды. Ойын  барысында  жас қатысушылар өзіндік шешім қабылдау, шығармашылықпен ойлау, талдау жасау және ұқсастықтарды табу қабілеттерін шыңдады.

Квест-ойыны 6 қызықты станциядан тұрды. «Әдебиет» станциясында оқушылар еңбек пен мамандықтар туралы мақал-мәтелдер мен жұмысшы мамандықтарының тізімін жарыса жазды. «Слесарь» станциясында монтаждық сызба бойынша бұйым құрастырып, бекіту элементтерін дұрыс сұрыптады. «Ағаш өңдеу» станциясында да сызбамен жұмыс істеп, ағаш өңдеу құралдарының атауларын еске түсірді. «Электр» станциясында қарапайым электр тізбегін құрастырып, әріптері араласқан сөздерден электрге қатысты терминдерді тапты. «Құрылыс» станциясында қолда бар материалдардан ғимарат макетін жасап, құрылыс құралдарының атауларын жазды. Ал «Автошеберхана» станциясында қозғалатын автомобиль макетін құрастырып, оған ат қойып, көптеген автомобиль маркаларын атады.

Сайыстың  әділ өтуін Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Көркем еңбек» бөлімінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының мүшесі Эрик Макенов төрағалық еткен қазылар алқасы қамтамасыз етті.

Қызу тартысқа толы ойынның қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген командалар анықталды:

І орын – «Жақып» командасы («Жақып Ақбаев атындағы» ЖББМ, Қарағанды қаласы, жетекшісі: Даурен Сатыбалдин).

ІІ орын – «Ақтоғай» командасы (Күләш Бәйсейітова атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық), жетекшісі: Саламат Әбен) және «Нуржановцы» командасы (Қазыбек Нұржанов атындағы гимназия, Қарағанды қаласы, жетекшісі: Виктор Фадин).

ІІІ орын – «Naiza» командасы («Қарқаралы қаласының академик Орынбек Жәутіков атындағы №1 ЖББМ», жетекшісі: Дарқан Бөдесов), «Алаш» командасы (Шет ауданы, Батық ЖББМ, жетекшісі: Айнур Дюсембекова) және «Мағжан жастары» командасы (Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия, Қарағанды қаласы, жетекшісі: Каршыга Жумадилова).

Жеңімпаздар «Сарыарқа дарыны» орталығы мен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік сертификаттар табысталды. «ЕңбекLife» квест-ойыны жас ұрпақтың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, оларға болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт-бағдар беруде маңызды қадам болды.

ДАРХАН ИСАТАЕВ,

«Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі»КМҚК

директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары,

тарих және әлеуметтік-саяси пәндер оқытушысы,

педагог-зерттеуші