Еңбек құқықтары — басты назарда

  Қарағанды облысында биылғы жеті айда Еңбек инспекциясы комитеті департаментінің атқарған жұмыстары қорытындыланды. Мамандар еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды, өндірістік жарақаттардың алдын алуды және жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында еңбек заңнамасының сақталуына қатысты тұрғындар тарапынан көптеген шағым тіркелді. Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы департаментіне осы кезеңде 1600-ге жуық өтініш келіп түскен. Азаматтар көбіне жалақының уақытылы төленбеуі, еңбек шарттарының болмауы, заңсыз жұмыстан шығару және еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы мәселелерін көтерген. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 371 тексеріс жүргізіп, 262 заңбұзушылықты анықтады. Тексеру нәтижесінде 154 нұсқама беріліп, 11 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

— Өңірімізде өндіріс, өнеркәсіп және құрылыс салалары дамығандықтан, жазатайым оқиғалардың жиілігі республика көлемінде жоғары деңгейде қалып отыр. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіште төмендеу тенденциясы байқалады, –деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша  департаментінің басшысы Медеу Ахметов.

Қарағанды облысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Азаматтардың өтініштеріне жауап ретінде жүргізілетін тексерулермен қатар, өңірде алдын ала ескерту жасалмайтын профилактикалық бақылау жүйесі де жұмыс істейді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында осы жүйе шеңберінде 10 кәсіпорын тексеріліп, 80 заң бұзушылық анықталды. Барлық олқылықтар берілген нұсқамалар бойынша жойылды. Ал өндірістік жарақат деңгейін төмендету – алға қойылған басым міндеттердің бірі. Жыл басынан бері 76 жазатайым оқиға тіркеліп, оның алтауы қайғылы жағдаймен аяқталған. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға төмен.

— Өткен жылдан бастап зиянды және қауіпті еңбек салаларында қызмет атқаратын жұмысшыларға арнайы төлемдер заңнамалық түрде енгізілді. 2025 жылдан бастап бұл әлеуметтік төлемдер тұрақты түрде төленуде. Қазіргі таңда облыста 2873 адам арнайы әлеуметтік төлемдерді алу мүмкіндігіне ие болды, -дейді спикер.

Қарағанды облысында еңбек қатынастары саласында қауіпсіздік пен тұрақтылықты арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қолға алынып келеді. Өңірде қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру мақсатында 1000-нан астам өндірістік кеңес құрылған. Кәсіпорындарда халықаралық стандарттар енгізіліп, өндірістік техника жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, еңбек үдерістерін бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйелері іске қосылған. Жалақы мәселелері мен еңбек дауларының алдын алу басты назарда. Осы бағытта облыс әкімінің тапсырмасымен еңбек ұжымдарымен 50-ден астам кездесу өткізілді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»