ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ…


Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымның маңызды бөлшегі. Маңдай терімен еңбек етіп жүрген жанның бірі – Виктор Сурнин. Ол 24 жыл бойы Қарағанды құю-машина жасау зауытында еңбек етіп келеді.
Дәнекерлеуші – қоғамдағы бағалы мамандықтардың бірі. Бір қарағанда оңай болып көрінетін жұмысқа мамандар көптеген жыл бойы үйренеді, ал олардың біліктілігі санаттармен бағаланады. Виктор Сурнин – бесінші санатты дәнекерлеуші. Бұл санаттағылар түрлі дәрежедегі дәнекерлеу жұмысын ж
асай алады. Қорытпаның кез келген бөлігін қалыңдығына қарамастан біріктіру оның құзыретінде. Виктор Сурнин Қарағанды құю-машина жасау зауытында 1999 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Бір кездері мұнда жас маман ретінде тағылымдамадан өтіп тәжірибе жинаған. Қазір кәсіби дәнекерлеуші ретінде күрделі металл бөлшектерін құрастырады.
– Дәнекерлеуші болу – өте қызық әрі жауапты жұмыс. Металмен жұмыс істеу арқылы көп нәрсе үйренесіз. Себебі өмір бір орында тұрмайды. Дәнекерлеуші мамандығы да бір орында емес. Уақыт өткен сайын, бұл да басқа салалар секілді даму үстінде. Мен де заманнан қалыспай өз біліктілігімді уақытылы арттырып отыруға тырысамын. Металмен жұмыстың қызығы мен шыжығы жетіп артылады. Біз металл шеберіміз. Жұмысымды мақтан тұтамын, – дейді дәнекерлеуші Виктор Сурнин.
«Қазақмыс» корпорациясында шарлы диірмен бекітпелері қолданылады. Бұл үлкен металл конструкциясын құрастыру тек қана Виктор Сурниннің қолынан келеді. Оған қарап сіз дәнекерлеушінің жұмысы қаншалықты ауыр екенін түсінесіз. Әр бөлшекті тек өз ісінің нағыз маманы ғана бір-біріне жамап, жалғай алады.
– Жұмыс қиын әрі күрделі. Дегенмен мамандық таңдаудағы ең бастысы – өз ісіңе адал болу. Еңбегіңе құрметпен қарау керек. Біздің салада қауіпсіздік өте маңызды. Қауіпсіздік техникасын сақтай отырып бәрін сапалы және уақытында жасау керек. Сәл ғана қателік өміріңізге үлкен қиындық әкелуі мүмкін. Сондықтан өз жұмысыңа жауапкершілікпен қарау қажет, – дейді дәнекерлеуші Виктор Сурнин.
Виктор Сурниннің әкесі кенші болған. Адал еңбекпен тапқан нанның тәтті дәмін татып өскен ұл өскенде әке жолын қууды армандап өндіріске аяқ басқан. Қазір ол өз кәсібінен нәсіп тауып жүр. Дәнекерлеуші Қарағанды құю-машина жасау зауытында білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отырады.
– Біздің ұжым өте ұйымшыл. Бір-біріне қол ұшын беруге әзір тұрады. Үнемі қолдап отырады. Білікті мамандар жағы жеткілікті. Жұмысым өзіме ұнайды. Осы мамандық арқылы өзімді қоғамға пайда тигізіп отырмын деп санаймын, – дейді дәнекерлеуші.
Қарағанды құю-машина жасау зауыты 1940 жылы құрылған. Содан бері Қазақстандағы ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі. Бүгінде мұнда Виктор Сурнин сияқты өз кәсібіне берілген тоғыз жүзден астам маман еңбек етеді.