Еңбек ардагерлері студенттермен жүздесті
Жұмысшы мамандықтары жылына орай Қарағанды көлік және технология колледжінде аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері студенттермен кездесті. Шара еңбек адамдарының тәжірибесін дәріптеп, жастарға мамандықтың маңызын түсіндіруге бағытталды.
Ардагерлер кеңесі колледж ұжымымен танысып, студенттерге өз өмірлік тәжірибесін ұсынды. Жас ұрпақ ардагерлердің еңбектің қадір-қасиеті, мамандыққа адалдық пен жауапкершілік туралы маңызды сабақтарын тыңдап, болашаққа бағдар алды.
– Еңбек – адамның ең басты құндылығы. Біз үшін әр маманның еңбегі баға жетпес, өте қымбат. Бүгінгі жастар – еліміздің болашағы, сол себепті оларға адал еңбек етуге, өз мамандығын құрметтеуге ерекше көңіл бөлу маңызды. Осындай кездесулер арқылы біз өз тәжірибемізді бөлісіп, жас ұрпаққа өмірлік маңызды құндылықтарды жеткізуге тырысамыз, – деді Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық кеңес төрағасы Тілеубек Камалиев.
Студенттер алған ақыл-кеңестерін болашақ кәсіби жолында бағдар етіп, жұмысшы мамандығының маңызы мен жауапкершілігін терең түсінді.
– Ардагерлердің өмірлік тәжірибесін тыңдау біз үшін үлкен мәртебе әрі маңызды сабақ болды. Олардың әрбір сөзі жүрекке терең үңіледі. Осы кездесуде алған кеңестеріміз бен ұстанымдарымыз болашақта өз мамандығымызды тереңірек түсініп, еңбек жолында табысқа жетуге жол ашады. Мен үшін еңбек тек кәсіби міндет емес, сонымен қатар адамгершілік пен жауапкершіліктің негізі болып табылады, – дейді студент Азат Омаров.
Ұйымдастырушылар техникалық және кәсіптік білім берудің маңыздылығын атап өтті. Білім беру жүйесін трансформациялау және жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр, бұл келешекте сапалы кадрларды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Қазіргі заманда техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы бұрынғыдан әлдеқайда артып отыр. Біз білім беру жүйесін жаңғыртып, заман талабына сай кәсіби мамандар даярлауды басты мақсат етеміз. Мұндай кездесулер жастарға кәсіби бағыт беріп, еңбекке деген құрметін арттыруға мүмкіндік береді. Ардагерлердің тәжірибесі – жас ұрпаққа берілетін баға жетпес құнды мұра. Колледж ұжымы мен аудан ардагерлер кеңесі арасындағы ынтымақтастық жастардың сапалы кадр ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосады, – деп атап өтті Қарағанды көлік және технология колледжінің кәсіптік оқыту бойынша директорының орынбасары Ерболат Сәрсенбаев.
Қатысушылар мұндай кездесулерді ұрпақтар арасындағы алтын көпір әрі еңбек дәстүрін жалғастырудың кепілі деп бағалайды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

