Еңбегімен елге сыйлы
Қарағандылық зейнеткер Айгүл Жолдығараева – ұлттың ұмыт бола бастаған асыл өнерін қайта тірілтіп жүрген жан. Ол алаша тоқумен шұғылданып, көнеден жеткен қолөнерді бүгінгі ұрпаққа аманаттап жүр. Қолының берекесі мен жүрегінің мейірімін ұштастыра білген өнер иесі – бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани мұрасына жан бітіріп жүрген өнегелі ана. Оның өмірі де, өнері де үлкен құрметке лайық.
Қолөнер – тек әдемілікке ұмтылу ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан терең дәстүр мен рухани байлықтың көрінісі. Бүгінде бұл өнерді жаңғыртып, заманауи тұрғыда дамытып жүрген шеберлер аз емес. Солардың бірі – жасынан өнерге жақын болып өскен тоқыма шебері. Ол ине мен жіпті алғаш рет 10 жасында қолына алған. Алғашында анасының жанында отырып кесте тігуді, тоқыма тоқуды үйреніп, осы өнердің қыр-сырын меңгере бастайды. Ұқыптылығы мен ұқсауға деген ынтасының арқасында көп ұзамай өз бетімен бұйымдар жасап шыққан. Ең алғашқы тақыр кілемін небәрі 17 жасында тоқып, үлкендердің ризашылығына бөленген. Өнерге деген сүйіспеншілігі оны түрлі байқаулар мен фестивальдерге жетеледі. Солардың бірінде, тоқыма туындысы арқылы ерекше көзге түсіп, жүлделі орын алып қана қоймай, болашақ жарын да жолықтырған. Өмір жолы мен тағдырын өнермен байланыстыра білген ол бүгінде өз ісін кәсіпке айналдырып, ұлттық дәстүрді жаңғыртып жүрген жандардың қатарында.
– Жас кезімде Қарқаралының жігіті алып қашып кетіп, оқу да қалды жайына. Менің негізгі арманым әнші болу еді. Өлең айтып, консерваторияға түсіп, өзімді солай көрсетсем деп ойлайтынмын. Өнерге сондай құштар болдым. Бала кезімде жібермей қойса концерттерге қашып кететінмін, қатысып жүретінмін, – дейді зейнеткер.
Ұлттың рухани қазынасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – үлкен еңбек пен жанашырлықты талап ететін іс. Қолөнерді өмірінің бір бөлшегіне айналдырған жандардың арқасында ұлттық мұра өз құндылығын жоймай, жаңаша сипат алып келеді. Осындай жанның бірі – Айгүл әже. Айгүл әженің негізгі мамандығы медицина саласына қатысты. Кезінде Ақтоғайда ветеринар болып еңбек еткен. Алайда өмір жолы оны мүлде басқа арнаға бұрып, шығармашылық әлемге жетеледі. Ауылдастарының қолқалауымен алаша тоқу өнерін үйрете бастаған кезде, оның қолөнерге деген ерекше қабілеті мен ұқыптылығы көзге түседі. Өнерін бағалаған жергілікті мектеп ұжымы Айгүл әжені еңбекке баулу пәнінен сабақ беруге шақырады. Осылайша, ол көп жылдар бойы оқушыларға тек қолөнерді ғана емес, шыдамдылық пен еңбексүйгіштікті де үйреткен ардагер ұстазға айналды. Бүгінде Айгүл әже зейнет демалысында. Дегенмен, оның тоқып шығарған кілемі тек тұрмыстық бұйым ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті. Сол ерекше кілем қазіргі таңда Айыртас ауылындағы мұражайда сақтаулы тұр. Бұл – өнерге адал берілген жүректің ізі, ұстаздық жолдың мәңгілік естелігі.
– Ақтоғайда қолөнерді бастадым. Өзіммен қатар қыз-келіншектерді үйреттім. Қызмет бабымен күйеуімді Айыртас совхозына жіберді. Сол кезде де өнерімді тастағым келмеді. Сол жақтағы келіншектерді жинап бәрін үйретуге тырысатынмын, заманның басқаша болған кезі еді, – деп есіне алады Айгүл Жолдығараева.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен етене байланысқан қолөнер түрлерінің бірі – алаша тоқу. Бұл өнер – тек сәндік мақсаттағы бұйым емес, терең философия мен тәрбие көзіне айналған мәдени мұра. «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» деп дана халқымыз бұл өнердің бағасын әлдеқашан беріп қойған. Әр аймақтың тоқу үлгісі өзіне тән ерекшеліктерімен дараланады. Мысалы, Қазақстанның орталық өңірлерінде көбіне терме әдісі жиі қолданылады. Бұл тәсіл – төзімділік пен шеберлікті қажет ететін күрделі үрдіс. Әрбір ілінген жіптің ретін, санын ұмытпай есте сақтау – тоқушыдан зор зейін мен зерделілікті талап етеді. Мұндай жұмыс, сөзсіз, адамның есте сақтау қабілетін дамытады. Айталық, үлкен кілемшелерді тоқуға шамамен бір айдай уақыт кетсе, шағын алашалар 15 күнде аяқталады екен. Осы бір тектілікті сақтап келе жатқан жандардың бірі – Айгүл Жолдығараева. Ол – көпбалалы ана, бүгінде 7 баласынан өрбіген 21 немере мен 10 шөберенің ардақты әжесі. Ұлттық өнерге деген махаббатын Айгүл әже ұрпақ тәрбиесімен ұштастырып келеді. Ол тек өзі ғана тоқып қоймай, балаларын, келіндерін де бұл өнерге баулудан жалыққан емес. Оның әр алашасында ұлт рухы, отбасылық жылулық пен аналық мейірім өріліп тұр.
– Осы қара шаңыраққа келін болып түскелі 1 жылдан асты. Апаның немере келінімін. Мен түскелі апа өзінің тұрмысқа қажетті ақылын айтып бөлісіп жатады. Байқағаным, апаның өнерге деген құлшынысы жақсы. Әр күні қарасам құрақ көрпе тігіп, кілем тоқып, ән айтып бос уақытында өлең жазады. Немере, балаларына қазыналы қария, –деп атап өтті келіні Аян Тлеуғабылова.
Өмірін өнегемен өріп, өнерді серік еткен адамдар бар. Олар үшін өнер – жай хобби емес, жан тыныштығы, өмір мәні. Осындай жандардың бірі – 83 жастағы Айгүл Жолдығараева. Қолөнермен ғана шектелмей, жүрек үнімен жыр төгетін, бала күнгі арманы әнші болу еді деген кейуана, бүгінде талай жанға шабыт сыйлап отыр. Өнердің егіз өрімі оның табиғатына қатар дарыған. Бос уақытында ән шырқап, өлең жазуды жаны сүйеді. «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деп төгілген шумақтарын балаларына арнап жинақ етіп құрастырған. Бұл – бір әулеттің рухани шежіресі десе де болады. Айгүл әже – бүгінде 83 жаста. Жасына қарамастан тың, ширақ. Таяққа сүйенбей, үй шаруасына өзі белсенді араласады. Көпшілігіне бұл таңсық көрінер, алайда қарияның айтуынша, бәрі де өмір бойы тынымсыз еңбек еткеннің арқасы. Ол үшін еңбек – денсаулықтың да, рухтың да қайнар көзі. «Тек бойдағы өнер тұншығып қалмаса екен» деген тілекпен өмір сүріп келеді. Өз ісіне адал, жан-дүниесі өнерге бай зейнеткер: «Үйренемін деген адам болса, үйретуден шаршамаймын. Білсем, бәріне бөлісемін», – дейді ақжарқын әже.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»