ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ҮЛГІ БОЛҒАН

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің  халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде мақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласынан

 

Қазақ халқы өз тарихында талай-талай зобалаң, зұлматты жылдарға толы қилы замандарды басынан өткергені белгілі. Халқымызды қынадай қырған ұлы аштықтан кейін 1933 жылдың көктемінде Жаңаарқа топырағында аман қалған ауылдар бас құрап, мойынсерік ТОЗ-ға ұйымдасты. Солардың бірі болып 4-ауыл атанған қазіргі Ескене ауылы да «Үлгілі», «Талдыбұлақ», «Ленин», «Оқ көмген», «Қызылоба» сияқты  ұсақ мойынсеріктер бірігіп, кейіннен іріленіп колхозға айналған, бір кездері кеңестік дәуір салтына сай «Ленин» колхозы атанғанын қазіргі уақытта кейінгі толқын жастар түгілі,  аға ұрпаққа айнала бастаған  біздің замандастарымыз да ұмыта бастаған.

Тарихи деректер бойынша «Үлгілі» бастауыш мектебі колхоздар біріктіріле бастаған тұста «Талдыбұлақ орталау мектебіне»  айналған екен. «Азаматына қарап ауылын таны» демекші әр ауылдың өзінің абырой тұтар тұлғасы болады. Солардың бірі ел азаматы Әбілғазы Күленов ағамыздың тағдыры мен өнегелі істері көпке үлгі боларлық. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын-қыстау кезеңге қарамай Талдыбұлақ орталау мектебінің бүгінгі, яғни орта мектеп дәрежесіне жетуіне бірден-бір себепкер болған осы ауылдың тумасы, жас болса да бас бола білген Әбекеңнің бастамашыл еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ауыл тарихының жаңа бір тың бетін бастап, қолдан саз балшық илеп, «саман кірпіш» құйып мектеп салғанын ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін ұмытпай ілтипатпен еске алады.

Сол бір қиындығы мен қызығы қатар өрілген уақытты жұбайы Зекен апайымыз: «Әбекең 1949 жылы Қарағанды пединститутының тарих бөлімін бітіріп, Талдыбұлақ мектебіне мұғалім болды. 1950 жылы Талдыбұлақ мектебін  Ескене баурайына көшіру үшін мектепті Әкем екеуі (атасы Күлен ақсақалды келіндік ізетпен Әкем деп атаған. Д.Е.) өгіз арбамен кірпіш құйғызып, барлық құрылыс жұмысын басқарып өзі салғызды. Осы мектепке Әбекең директор болып тағайындалды. Кейін партия, кеңес қызметтерінде болған кездерінде де халық ағарту саласындағы оқу-тәрбие ісімен байланысын бір сәтке де үзген жоқ», —  деп еске алады. Кейіннен «Мектеп басы» деп аталып кеткен орталыққа қарай көшіріп, бүкіл ауыл адамдарын жұмылдырып, ат-өгіздермен саз балшық илеп, кірпіш құйып  асарлатып бір-екі жылда сол заман үшін зәулім ғимарат болған Талдыбұлақ жетіжылдық  мектебінің негізін қалады. Қырық-елу жылдай елге қызмет еткен сол білім ордасынан бүкіл ауыл балалары (солардың бірі осы жолдардың авторы)  білім алып шықты. Іргесі сонау 1930 жылдары қаланған үшжылдық «Үлгілі» бастауыш мектебі болып ашылған білім ордасы  тарихы елуінші жылдары жаңа бір белеске шығып,  Әбекең директор болған жылдары сегіз жылдық мектепке айналды.

Алдына қойған мақсатына тек жүйелі білімнің арқасында ғана жететінін жете түсінген Әбекең соғыс аяқталған соңғы  1946 жылы  аудан орталығындағы № 1-ші қазақ орта мектебін  тәмамдаған соң, өзі сияқты тағдырлас жолдастарымен Қарағандыдағы Молотов атындағы мұғалімдер институтының тарих факультетінің (1949) студенті болып қабылданған. Бұл — қазіргі академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті. Осы туралы замандастары жазған естеліктерде: «1945-1946 оқу жылдарында 10 класта оқыған Әбсәматов Мәдіхан, Жақыпбеков Зекен, Күленов Әбілғазы сияқты 1926-1927 жылы туған білім қуған бір шоғыр жастар болатын. Олар кәмелеттік аттестат алған соң жоғарғы оқу орындарына аттанды. Қирабаев Серік, Жаманов Хамит, Әбсаматов Мәдіхан, Бәкіров Ақтомпай ҚазПИ ге түссе, Күленов Әбілғазы, Оразалин Ермек, Жұмаділдин Қалкен сияқты бір топ жастар Қарағандыда ашылған екі жылдық мұғалімдер институтына түсті», — деген деректі мағлұматтар сақталынған. Әбекең білімін әрі қарай жалғастырып, 1961 жылы  осы Қарағанды педогогикалық институтын сырттай оқып бітіріп, жоғары білімді педагог дипломына ие болды.

Ұстаздық еңбек жолын  1949 жылы Талдыбұлақ жетіжылдық мектебінде мұғалім болудан бастап тарих, география  және  орыс тілі пәндерінен сабақ берген, 1951-1954 жылдары осы мектептің директоры қызметінде білім беру жолында ұйымдастырушылық қабілетімен таңылған жас маман аудандық партия ұйымының ұсынысымен, заман талабына сай құрылған Жаңаарқа аудандық машина-трактор станциясының (МТС) аймақтық инспекторы (1954-1955) қызметіне кіріседі. Осылайша «партия сарбазына» айналған жас маман 1955-1961 жылдар  қайтадан ұстаздық қызметке жіберіліп, алдымен аудан орталығындағы Ленин атындағы орта мектепте мұғалім, «Карл Маркс», «Рассвет»  және «Ленин» атындағы колхоздарда мектеп директоры лауазымдарын абыроймен атқарады. Орда бұзар отыз жасына жетпей-ақ бұдан кейінгі еңбек жолдары «Дружба» кеңшарының партком хатшысы (1961-1965), аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы (1965-1971), ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау мен сапасы жөніндегі аудандық инспекциясының мемлекеттік бас инспекторы (1971-1975),  аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы (1975-1979) сияқты жауапты қызметтермен жалғасып жатты. Қай қызметте жүрсе де табандылық танытып, табиғи тазалығын сақтап, білімі мен парасатын көрсете білген Әбекең бір кездері нақақтан күйіп, партия жұмысынан алшақтатылып, «совхоз директоры» деген шаруашылық жұмыстарға ауыстырылса да, сағы сынбай жаңа қызметіне сай кәсіби біліктілігін арттыру үшін елуден асқан жасына қарамастан 1979 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтын сырттай оқып бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Өмірінің соңғы  1979-1983 жылдары аралығында «Целинный» совхозының директоры қызметінде жүріп, 1884 жылы 27 тамызда бар жоғы 57 жыл абыройлы ғұмыр кешкен, халқына бергенінен берері көп толысқан кемел жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан жасын ғұмыр өмірден озған еді.

Мінеки, өмір мектебін ауылда қарапайым ұстаздық қызметтен бастап еңбегі көпке үлгі болған, партиялық қызметке ауысып идеологиялық жұмыстарға тікелей басшылық жасау барысында да аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын ұмыт қалдырмай уақыт таба білген,  бүкіл саналы ғұмырын осы ағартушылық, тәрбие саласына арнаған ел азаматының қысқаша өмір жолы осындай.

А. Күленовтің  ұстаздықтан партия-кеңес қызметкеріне айналуы әпербақан Хрущевтің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, әрбір коммунист «партия сарбазына» айналған заманға тұспа-тұс келді. Солай болса да Әбекеңнің  қызмет бабында тек өзіне ғана тікелей қатысты мәселелермен айналысып, тар шеңберде қалып қоймай ұлттық, қоғамдық мәселелерді де назарынан тыс қалдырмағанын замандастары әр кез есіне алып отырады Соның бірі бүкіл қазақтың басына қасірет әкелген «32-нің зұлматы» Ескене ауылын да айналып өтпеген. Арада ширек ғасыр өтсе де төбе болып үйіліп жатқан ақ сөңке сүйектердің ашылып, жер бетіне шығып қалғаны қаншама. Осы көрініске куә болған жас партия қызметкері Әбекеңнің іштей күйзеліп, «Мәскеу де бірден тұрғызылған жоқ, уақыты келгенде мұны да қолға алармыз, ортақ ескерткіш белгі де қойылар» деген сөзін  сол кездегі Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған, белгілі журналист Ұзақбай Мұқышұлы ұзақ жылдардан кейін де  қимастықпен еске алады.

Дәл өз басым  куә болған жағдай да бар. Ол кезде біз Ескене тауының дәл іргесіндегі «Талдыбұлақ» ауылында тұратынбыз. Қыс қатты болып, көктем кештеу шығып, ауыл адамдары қыстан тұралап шыққан ұсақ малдарын бір мезгіл таудың күнгей беткейіне жайып алатын. Мен  ештеңенің байыбына бара қоймайтын алтыншы класс оқушысы едім, көрші-қолаңның ұсақ малдарын  қосып тау етегіне қарай айдап, көтерме грейдер жолдан өте бергенімде, «Газ-69» автокөлігін көріп іркіліп қалдым. Жолдан асып түсе бастаған қойлар үркіп, ішіндегі кейбір арық-тұрықтары жол жиегіндегі  қарға батып тұрып қалды. Оларды шығара қоятын менде шама жоқ, соны байқады ма екен жүз метрдей жүріп барып тоқтаған көліктен түсе сала жүгіре жеткен екі адамды бірден таныдым, біреуі аупартком хатшысы Әбекең, екіншісі көлік жүргізушісі Рахметулла Сағынтаев екен. «Ұлық болсаң кішік бол» демекші, ауылдағы жиналысқа деп киген киімдеріне қарамай келіп жеткен екеуі үйелеп қалған қойларды біртіндеп шығарып алып жолға салып жіберді.  Сол кезде аса мән бермесем де Әбекеңнің осы бір қарапайымдылығы мен қайырымдылығы  мәңгі есімде қалып қойыпты.

«Отан от басынан басталады» демекші туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Отанымызға деген патриоттық сезімге ұласады. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі — білім қазынасы. Ауылдың тірегі болар рухани ордасы –білім ошағы, ол ауыл — мектебі. Кез келген ұлтты өркениетке жеткізетін күш — білімде екендігі айтпаса да түсінікті. Ал білім негізі — мектепте. Рухымызды биіктетер ауылдағы зиялы ортаның қалыптасар жері де осы — ауыл мектебі. Демек, ауыл мектебі — ел тірегі,еліміздің рухани тұғыры десек те артық болмас. «Туған жерге тағзым» аясында Ескене ауылының қалыптасып көркеюіне зор үлес қосқан, алпыс жасқа жетер-жетпес ғұмыр сүрсе де халқына, туған ел, жұртына осыншама ізгілік нұрын шашып кеткен  ауылымыздың тумасы, ұлағатты ұстаз, ел азаматы ардақты  ағамызды есте қалдыру мақсатында ынталы – бастамашыл топ өкілдері әр жылдары баспасөз бетінде мақалалар жариялады. Далбай Ізтөлеуов «Жаңаарқа газетііде» (08. 10. 1997),   Ұзақбай Мұқышұлы және Қалиақпар Әбілдин «Орталық Қазақстан» газетінде (25.09.2004 және 15. 08. 2009) ел ардақ тұтқан тұлғаның  есімін ауыл мектебіне беру мәселесін көтерген болатын. Біз де  осы ардагерлердің ауылдағы білім ошағын «Әбілғазы Күленов атындағы Талдыбұлақ орта мектебі» деген ресми атауға лайық деген ұсыныстарын бүгінгі күні де өзекті екендігін  атап өтуді өзімізге парыз санадық.                                                     ,

 

Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ

тарих ғылымдарының кандидаты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

                                                                                                                                   Қазақстан мәдениетінің  ғылыми зерттеу

                                                                                                                                  институтының  бас ғылыми қызметкері