Домофон дабырасына сенбеңіз: алаяқтар жаңа айлаға көшті
Алаяқтардың қулығына шек жоқ. Енді олар өздерін домофон орнату және қызмет көрсету компанияларының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарды алдап жүр. Соңғы уақытта Қарағанды мен Астанада дәл осындай тәсіл арқылы азаматтардың атына несие рәсімделген бірқатар қылмыс тіркелді.
Сценарий бір қарағанда сенімді көрінеді. Бейтаныс адам телефон шалып, «үйдегі домофон кілттері ауыстырылады» деп хабарлайды. «Үш кілт жеткілікті ме, артығы ақылы болады» деп сұрап, әңгімеге тартады. Көп ұзамай «кілтсіз кіру үшін» алты таңбалы жеке код жіберілетінін айтып, SMS арқылы келген санды сұрайды. Ал дәл осы сәт — алаяқтықтың ең қауіпті кезеңі.
Қала тұрғындарының бірі басынан өткен жағдайды былай баяндайды:
– «Домофонның кілтін ауыстырып жатырмыз» деді. Кейін «код келді ме?» деп қайта хабарласты. Сол кезде ғана күмәндандым, – дейді ол.
SMS арқылы келген кодты айтып қойғаннан кейін алаяқтар қайта хабарласып, «сіз алаяқтармен сөйлестіңіз, есепшотыңызға қауіп төніп тұр» деп байбалам салады. Ақшаны «қауіпсіз шотқа» шұғыл аударуды талап етеді. Көп жағдайда дәл осы сәтте адамдар үрейге беріліп, ақшасынан немесе атына рәсімделген несиеден айырылып жатады.
Домофон компанияларының өңірлік гильдиясы мұндай әрекеттердің ресми ұйымдарға еш қатысы жоқ екенін қатаң ескертеді.
– Бізде барлық өтінім WhatsApp арқылы жазбаша түрде қабылданады, өтінім нөмірі көрсетіледі. Жұмыс аяқталған соң да хабарлама жіберіледі. «SMS-тегі кодты айтыңыз» деген талап бізде мүлде жоқ. Бұл – алаяқтардың әрекеті, – дейді гильдия жетекшісі Жаннұр Рахметов.
ІТ және қаржылық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, мұндай қылмыстар алдағы уақытта азаймайды. Керісінше, алаяқтар жасанды интеллект пен жаңа технологияларды кеңінен пайдаланып, әрекеттерін күрделендіре түсуде. Ал істердің аз бөлігі ғана сотқа жететіндіктен, қылмыскерлер өзін жазасыз сезінеді.
Қаржылық сауаттылық жөніндегі маман Александр Репников алаяқтықтың төрт негізгі белгісін атап өтті:
– Біріншісі – тосыннан хабарласу. Екіншісі – сенімге кіру. Үшіншісі – қорқыту немесе жалған уәде. Төртіншісі – ойлануға уақыт бермей, дереу әрекет етуге мәжбүрлеу. Мұндай сәтте ең дұрысы – тоқтап, сабыр сақтап, ақпаратты тексеру, – дейді ол.
Мамандардың басты кеңесі – SMS арқылы келген кодты ешқашан, ешкімге айтпау. Бұл – алаяқтықтың айқын белгісі. Сондай-ақ күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қоңырауларды үзіп тастау ұсынылады. Қосымша қауіпсіздік шарасы ретінде eGov порталы арқылы өз атыңызға несие рәсімдеуге тыйым салу қызметін қосуға болады. Қажет болған жағдайда оны кез келген уақытта алып тастау мүмкін.
Сақтық – сан соғып қалмаудың ең тиімді жолы. Кез келген «жедел» және «құпия» ұсынысқа күмәнмен қарау – бүгінгі күннің басты талабы.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

