ӘДІЛДІК ДЕГЕН – ӘПСАНА

Әділдікке әр адам өз ыңғайына қарай баға береді һәм анықтама жасайды. «Әділетсіз» деген сөздің түп-тамырында не жатқанын аңдай беріңіз. Демек, әділдік көп. Оның сан түрлі тармағы мен тарауы бар. Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады? Осы арқылы қазіргі әдеби үдеріске сипат беруге бола ма? Әбден…

«Әділдік жоқ» деу – осалдық һәм шарасыздық. Біреу шығарған «әділ шешім» – оның әділдігі. Сіздің де емес, басқасының да емес. Сондықтан оны жерден алып, жерге салудың еш қажеті жоқ. Әділдіктің көрінісі – талғамның жемісі. Талғамы қандай болса, берген бағасы да сондай болмақ.

Әдеби үдерісте көптеген кикілжің осындай түсінбеушіліктен орын алып жатады. «Мынау – жазарман», «мынау – классик» деудің өзі – ішкі инстинкт, қорғаныс. Мүмкін, жазарманымыз шын классик шығар? Классик деп жүргенің өлеңші болып шықса ше?

Әділдік, шындық, талғам бір тамырдан тарайды. Әрқайсысының көксегені бір. Бұл қатарға өзімшілдікті қоссаңыз да болады. Негізінен, осы менмендіктен туындап отыр емес пе? Әділдік те, шындық та, талғам да…

Бұл түсінік әдеби үдеріске ғана қатысты емес. Өмірдің кез келген жағдайында кездеседі. Біз қазір бәзбіреудің ақшасын санауға құмартып барамыз. Бай-бағландардың барлығы харам жолмен табыс тауып отыр деп есептейтін болдық. Мұны тым таяз түсінік деп ұғуымыз керек. Қарекетке көшетін кез баяғыда-ақ жетсе де, әлі де «есепші қабілетімізден» айнымай келеміз. Мұның барлығы тағы да сол «әділетсіздік» ұғымымен тығыз байланысып келеді.

Жылауға көз жасы табылады, оны жұбататын, жігер беретін күш қайда? «Өмір қатыгез» деуден оңай нәрсе жоқ. «Күресуге даярмын» дейтін жан қайсы? Сондықтан айтудан жасауға бейім болсақ құба-құп.

Қоғамның талғамын қазіргі БАҚ деңгейінің көрсеткішіне қарап дөп басуға болады. Бірақ бұл талғамға әкелген – БАҚ-тың өзі. Жақсы жаңалықты жар салатын жан көп болса керек-ті, алайда жер бетін жаман жаңалыққа жаны құмар жайсаңдар жайлады. Негатив ақпаратты талдап, талқылап, бөлісуден ешкімге дес бермейтін қоғамның ертеңі бұлыңғыр екені айдан анық. Енді, қараңыз, ең алдымен алтын уақытыңыз жұмсалды. Меніңше, баянсыз өткен уақыт – ауыр күнә. Ал біздің көбіміздің уақытымыз зая кетіп жатыр. Екіншіден, пайдасыз ақпарат. Қазіргі тілмен айтқанда – «спам». Үшіншіден, ғайбат. Сіз алдыңғы айтылған пікірге ақ-қарасын ажыратпай-ақ қосыласыз. Мүмкін, жағдай басқаша болған шығар?! Естігенге емес, көргенге сенетін кез келді. Демек, сіз ғайбат сөз айтып жатырсыз. Тізе берсеңіз, өте көп.

«Өтімді» тақырыптардың бірі – «Шешінгендер». Жынысын айтуға да арланасыз. Бұл жерде шешінген олар емес, көрген сіз ақымақсыз. Ал ол ақылды. Есебін біледі. Көріп қана қоймай, оны балағаттайды, енді бірі сүйсінеді. Нағыз ақымақтың өзісіз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді», «Шеттету керек», «Қазақтың абыройын түсірді» және т.с.с. Жоқ. Ешкімнің абыройын түсіріп жатқан жоқ. Ең әділетті шешім – ескермеу. Үнсіздік. Ешкім талқыламаса, ешкім балағаттамаса, ешкім көрмесе, өзінен-өзі құриды, жоғалып тынады. Астың әдемі қаптамасына алданбай, дәміне мән берейік.

Әр нәрсенің екі ұшы болатыны белгілі. Сол сияқты, кез келген салада осалы мен мықтысы болады. Әдебиетте де сондай. Кімнің осал, кімнің мықты екенін таразылап жатудың қажеті шамалы, бәрін де уақыт айқындап береді. Оны жария етіп, қатын ұрыс жасау артық күш жұмсаумен парапар.

Бір ғана нәрсе айқын. Мұны діни көзқарас деп қабылдамаңыз. Әділдік – Алланың жасаған қайыры. Қазақ «әр нәрсенің қайырымы бар» дейді. Жасаған жақсылық қайтарылады. Мұның аты – Әділдік. «Әр нәрсенің қайтарымы бар» деген де бар. Опасыздық жасадың ба, ол да саған қайтарылады. Мұның да аты – Әділдік. Осыны ұмытпау қажет.

Ерболат ҚУАТБЕК,

«QH»