Әділдік қағидаты: қоғам мен мемлекеттің бірлігі

Қарағанды қаласында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған салтанатты шара өтті. Атаулы күн жыл сайын 9 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл дата БҰҰ Бас Ассамблеясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияны қабылдап, оған қол қоюды ұсынуымен байланысты. Мұндай кездесулер қоғамда адалдық, әділдік және заңға құрмет секілді құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Жиын барысында департамент басшысы Жандос Сәрсен құттықтау сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

– 9 желтоқсан – қоғамда ашықтық, адалдық және әділдік қағидаттарын қалыптастырудағы ортақ ұмтылысымыз бен бірлігімізді көрсететін күн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір реттік шара емес, баршамызға жүктелген жүйелі жұмыс, – деді ол.

Салтанатты жиын барысында жыл бойы адал қызмет атқарып, қоғам игілігіне үлес қосқан бірқатар ұйым мен белсенді азаматтарға алғысхаттар табысталды. Марапатталғандар қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер мен жастар бар.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тренері Марина Шиллер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды бала жастан бастау керектігін атап өтті.

– Бұл – өте маңызды күн. Әр адам, тіпті бала кезінен бастап, сыбайлас жемқорлықтың салдары қандай болатынын түсінуі керек. Мұнда ең бастысы – заңнан қорқу емес, адамның бойында оған қарсы тұра алатын ішкі сана мен жауапкершілікті қалыптастыру, – деді ол.

Шара барысында жастарға ерекше көңіл бөлінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы шығармашылық және зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері арасында өткізілген интеллектуалдық ойын авторлары да атап өтілді.

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 2-курс студенті Айбек Қайырбек жастардың мұндай бастамаларға белсенді қатысуы маңызды екенін айтты.

– Мұндай жобалар бекер ұйымдастырылмайды. Жастар қатысып, пайдалы ақпарат алып, өз болашағы үшін жауапкершілікті сезінуі керек, – деді ол.

Жалпы, бұл күні өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға үлес қосқан 30-ға жуық азаматқа алғыс білдірілді. Шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Адалдық пен әділдік қағидаттарын нығайту – тек бір күндік акция емес, қоғамның тұрақты дамуының басты шарты. Осы бағыттағы жұмыстар Қарағанды өңірінде алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»