Дертке қарсы онкүндік
Адамдағы қатерлі ісіктердің ең агрессивті түрлерінің бірі – тез өсуі және метастаздың жоғары ықтималдығы. Облысымызда бұл дертке қарсы онкүндік басталды. Дәрігерлер сырқаттың алғашқы белгілері туралы айтып, ауруды ерте кезеңде анықтау маңызды екеніне назар аудартады.
Меланома немесе тері қатерлі ісігі – кез келген жастағы адамда жиі кездесетін қатерлі ісік. Ауру терінің пигментті жасушаларынан, сондай-ақ туу белгілерінен дамиды. Онкологияның бұл түрі қарқынды дамумен сипатталады, ал кейінгі кезеңдерде ішкі органдар зақымдана бастайды. Сондықтан науқасқа аурудан біржола арылу үшін уақытында тексерістен өтіп, дұрыс емделу жолын таңдаған маңызды. Осы жайлы аурухана мамандары Ашық есік апталығын өткізіп, тұрғындарды хабардар етуде. Тері онкологиясы көбіне туыстары осы аурудан зардап шеккен адамдарда дамиды. Аурудың асқынуына сыртқы факторлар да әсер етеді. Патологияның бұл түрі терінің барлық сапасыз түзілімінің 10 пайызын құрайды. Бұл патологияның түрі 15-35 жас аралығындағы адамдарда 3-орында. Жағдайлардың 80 пайызында ауру артық инсоляцияға байланысты дамиды. Мамандардың айтуынша, науқас уақытылы тексеріліп, ем-дом шараларын қабылдаса, патологияны толықтай емдеуге болады. Емхана диспансерінің басшысы да барша қала тұрғындарын тексерістен өтуге шақырады. Онкология ауруы науқас адам үшін мүлде білінбеуі мүмкін екенін ескертеді мамандар.
– Қазір дамыған заманда арнайы кремдер бар. Далаға шығатын кезде күн сәулесінен қорғайтын крем жағу керек. Жабық киім киіп жүру керек. Теріде невус (мең) көп болатын болса, оны жабық ұстаған дұрыс. Сырқаттан толық жазылып шығуға бар күшімізді саламыз. Өзі кетеді деп ойлаған адамдардың сырқатты 10 сантиметрге дейін өсіріп келген кездері де болды. Меланоманың тереңдігін анықтаймыз, соған байланысты емдеуге бар жағдайды жасаймыз. Сырқат түрі жасарып жатыр, жас таңдамайды, – дейді онкохирург Ербұлан Серікболатұлы.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»